«Өткен күнде белгі жоқ» деп жатамыз. Менің ойымша, бұл жансақ пікір. Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бүгін мен сіздерге бір шекарашы туралы айтып бергім келеді. Ол – шекара шебінде ізі сайрап жатқан саңлақ сардар емес. Тіпті күні кеше ғана шекарашылардың білім ұстаханасын бітіріп, шекараға асқақ арманмен келген жас офицер де емес. Ол – келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі. Бар болғаны, ел шебінің ыстығы мен суығына төзіп, оның барлық ауыртпалығына өзінің иығын тосуды өзінің азаматтық борышына балаған көптің бірі. Бұл – ҰҚК Шекара қызметің Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінің 2-ші мобильді топ бастығы кіші сержант Мұзарт Бөшен. Ол өзінің есімін атаған кезде біз еріксіз елең ете қалдық. Мұзарт. Өйткені, Теріскей мен батыстың өзіне тән сұлулығы, табиғатының кереметі бар шығар. Алайда Хантәңірінің етегін мекен еткен жұртқа таудың мұзарт шыңдары қай кезде де ыстық. Тау соқпақтарын жатқа білетін адам үшін Тәңіртаудың аурасы қашанда бөлек. Мүмкін сосын да болар, дүние есігін Райымбек ауданының Тегістік ауылында ашқан ұл балаға «Мұзарт» деген есімді еншілеп бергені… Өз есімінің сырын осылай ашқан шекарашы Шекара қызметінің сапына 2020 жылдың көктемінде алынып, қызметін үш мемлекеттің шекарасы түйіскен жерде бастапты. Ал бұл – қазақ-қытай және қазақ-қырғыз шекарасы ғана емес, сұлулығының өзі мұзбалақ Мұқағалиға шабыт сыйлаған. Таудың биігінен құлап аққан Байынкөл өзенінің күркіреген дауысының өзі осы жаққа келіп қалған адамның көңілін елеңдетіп, қазбауыр бұлттарға хат жаздырады. Осындай ортада өмір сүріп, осындай сұлулықты көзінің қарашығындай күзету үшін иығына қару ілген шекарашыда арман бар ма екен дейсің?..
Мұзарттың арманы бар, сүйіп жасайтын істері де жетерлік. Солардың екеуіне ғана тоқталсақ. Бірі – құрылыспен айналысу, екіншісі техниканы шашып тастап, қайта жинау. Біз тағы да қасымызды кердік. Қызық көрінген. – Маған ұнайды. Үй салу, бұзылған көлікті жөндеу – менің хоббиым десем де болады. Қалай айтсам екен, адам баласының ес біліп, өскен шағында жүрегіне жақын, ұнатып тұратын ісі болады екен. Сонымен айналысқанда керемет дем алып қаласың. Мен соны түсіндім. Әсіресе, 2020 жылдың көктемінде өзімнің алғашқы қызмет орныма келе салып, бірден құрылыс жұмыстарымен айналысып кеткенімді ойласам, кеудемді мақтаныш кернейді, — дейді Мұзарт Нұрланұлы. Жо-жоқ, сіз бен оқырмандарыңыз ойлап қалмасын, жаңа жерге келе салып, мені қызметке мүлде қатысы жоқ жұмысқа салып қойды деп. Өзім сұрандым. Қызметтен тыс уақытымда. Тіпті, сүйікті ісіммен тезірек айналысу үшін шекара нарядынан оралғанша асығатынмын… Бейне бір, бастаған суретін бітіргенше асыққан суретші іспеттімін. Мұндайда бірге қызмет атқаратын әріптестерім мен достарым да тасада қалмай, барынша көмектескен. Сөйтіп, көп ұзамай, өзінің хауызы бар моншаның құрылысы бітті. Тұрғын үйге арналған контейнер араға уақыт салып, бір бөлмелі пәтерге айналған. Қазір ойлап отырсам, осының барлығы менің арқамда ғана емес, жоғары басшылықтың өзіме білдірген сенімі мен қолдауының арқасында жүзеге асқан екен.Иә, осыдан кейін Мұзатты кәтепті қара нарға қалайша теңемессің. Еменнің иір бұтағындай мықтылықты өзінің бойына сыйдыра білген шекарашы сүйікті ісі арқылы өзгелерге қуаныш сыйлады. Бүгінде офицерлер құрамына арналған алты пәтері бар шекара бөлімшесі бір кездері осындайда да тығырықтан шыққан. «Өткен күнде белгі бар» деген осы….Бүгін біздің кейіпкеріміз – ұжым мақтанышы. Жоғары білімді азамат. Өзінің алдына қойған мақсатына жеткенше тоқтамайтын қайсар мінезі тағы бар. Менің ойымша, бұл – шекараға қажет қасиет!
Әсел Мукашева
