Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Есік қаласындағы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында «Азарт NET» тақырыбында кездесу өтті.
Жастар арасында құмар ойындарға деген қызығушылықтың алдын алу, құмар ойындарының адам өміріне, қоғамға тигізер кері әсерін студенттерге түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге студенттер мен оқытушылар және құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Дәулет Жакыпов құмар ойындардың зияны, оның адам өміріне, әлеуметтік жағдайына және болашағына тигізетін кері әсерлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өз тәжірибесінде кездескен нақты жайттар жайында айтты. Еңбекшіқазақ ауданы жастар ресурстық орталығының маманы Ақбота Бексейіт жастарды жағымсыз әдеттер, құмар ойындардан алыс болып, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға және саналы таңдау жасауға шақырса, психолог Жеңісгүл Хабаева аталған мәселенің жеке адам өміріне ғана емес, оның отбасы, туыс-туғанына да, тіпті қоғамға да тигізер кесірі жайында сөз қозғады. Сонымен қатар кездесуге арнайы шақырылған сала мамандары жастардың сұрақтарына жауап беріп, аталған мәселеге қатысты ақыл-кеңестерін айтты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
