Қонаев қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы саябақта Халықаралық нашақорлыққа және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Біздің таңдауымыз – денсаулық!» атты облыстық денсаулық фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыру және профилактикалық медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейту.
Фестивальді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов ашып, қоғамдағы нашақорлық мәселесінің өзектілігіне тоқталды.
– Бүгінде Алматы облысында наркологиялық қызметтің динамикалық бақылауында есірткіге тәуелділік диагнозымен 296 науқас есепте тұр. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды күшейту, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды, – деді Ержан Әбілқасымұлы.

Фестиваль аясында қатысушылар дәрігер-наркологтар мен психологтардың кәсіби кеңестеріне жүгініп, скринингтік тексеру мен экспресс-тестілеуден өтті. Сонымен қатар зиянды әдеттердің алдын алу, психикалық денсаулықты нығайту, АИТВ инфекциясы мен созылмалы аурулардың профилактикасы бағытында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында спорттық жарыстар мен марафон ұйымдастырылып, интерактивті викториналар, келелі кездесулер өтті. Сондай-ақ емдік еңбек шеберханалары өнімдерінің көрмесі мен ақпараттық көрме алаңдары келушілер назарына ұсынылды. Алматы облысының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама фестивальдің сәнін келтірді.

Шара соңында Ержан Сүлейменов нашақорлықтың алдын алу бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Нашақорлықтың алдын алу – тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан біз жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, спортпен шұғылдануға және белсенді өмір салтын ұстануға шақырамыз. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың денсаулықты сақтау мен нығайтудың маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді, – деді ол.
Фестиваль «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты символикалық акциямен қорытындыланып, Алматы облыстық «Алатау әуендері» концерттік ұйымы әртістерінің мерекелік концертімен аяқталды.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

