Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Қоғамда тәртіп орнап, азаматтардың құқықтары қорғалуы үшін заңдардың сақталуы аса маңызды. Заң барлық адамға бірдей талап қояды және олардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, заң – қысым жасау құралы емес, ол – әр азаматтың құқығы мен бостандығының сенімді қорғаны. Қоғамда әділеттілік орнауы үшін заң үстемдігі барлық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте тек мемлекеттік аппарат емес, бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істегенде ғана біз көздеген биік мақсаттарға жете аламыз.
Әрине тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы, қоғамның тыныштығы, ең алдымен заң мен тәртіпке тікелей байланысты. Заң – мемлекеттің қабылдаған, барлық азамат орындауға міндетті ережелер жүйесі болса, тәртіп – сол заңдардың бұлжытпай орындалуы және әрбір адамның мінез-құлқының қоғам талабына сай болуы.
Заң мен тәртіпті сақтау – мемлекетіміздің экономикасының артып, дамуына, халықтың әл-ауқатына және болашақ ұрпақтың жарқын өмір сүруіне кепіл болады. Кез келген қоғамда әділдік болу қажет. Ал әділдік үстемдік құрған кезде ғана адамдардың бір-біріне деген сенімі арта түседі.
Заң мен тәртіп – тек мемлекеттік құрылымның емес, рухани өмірдің де өзегі. Өйткені тәртіп бар жерде ұят, намыс, адамгершілік, жауапкершілік сынды қасиеттер қатар қалыптасады. Адам өзіне де, өзгеге де әділ болған кезде ғана қоғамда шынайы бейбітшілік пен бірлік орнайды.
Халқымыздың қанына сіңген қасиеттерінің бірі – заңға бағыну. Біз ежелден-ақ дала заңын құрметтеп тәртіпке бағынған халықпыз.
Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстауымыз қажет. Бұл қағида біздің жас ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұрамыз.
Егер қоғамда заңға құрмет, тәртіпке бағыну, адалдық пен әділдік құндылықтары орнықса, болашақ ұрпақ та осы қағидаларды өмірлік бағдар етеді. Ал бұл өз кезегінде қауіпсіз, тұрақты және дамыған қоғам қалыптастыруға негіз болады.
Осы орайда Б. Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген өсиеті тіл ұшына еріксіз орала береді екен.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатының негізі. Әрбір азамат заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана мемлекетіміздің болашағы жарқын болады.
Данияр НҰРМАНОВ Балқаш ауданы әкімінің орынбасары
