Алматы облысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау және оның алдын алу жұмыстарын заманауи технологиялардың көмегімен күшейтуде. Бұл мақсатта ұшқышсыз ұшу аппараттары да кеңінен қолданылып келеді.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілуде. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін дер кезінде анықтау.
Әсіресе жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында дрондар көлік қозғалысы қарқынды жүретін көшелер мен жол бөліктерін бақылауға алған. Әуеден бақылау арқылы полиция қызметкерлері жылдамдықты асыру, қауіпті жерде басып озу, қарсы бағытқа шығу және маневр жасау талаптарын сақтамау сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұшқышсыз аппараттарды пайдалану жол қозғалысын бақылаудың тиімділігін едәуір арттырады.
Патрульдік полиция инспекторлары дрондардың көмегімен әдеттегі патрульдің жедел әрекет етуі қиын учаскелердегі құқық бұзушылықтарды жылдам анықтауға мүмкіндік туғанын атап өтті.
– Дрондардың көмегімен жолдағы жағдайды жоғарыдан бақылап, жүргізушілердің қауіпті әрекеттерін нақты уақыт режимінде тіркей аламыз. Бұл тиісті шараларды жедел қабылдауға және жол апаттарының алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай бақылау жүргізіліп жатқанын білетін көптеген жүргізушілер тәртіпке көбірек мән бере бастады, – дейді тәртіп сақшылары.
Аудандық полиция басқармасында заманауи технологияларды қолданудың басты мақсаты құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу және жүргізушілердің жол мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасуда. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін еске салады. Өйткені жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі болып табылады.
