Перейти к содержимому
Главная страница » ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ – ЗАМАНАУИ ҚАУІП

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ – ЗАМАНАУИ ҚАУІП

Қазіргі таңда интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, банк қызметтерін пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы байланысудың барлығы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда цифрлық технологиялардың дамуы интернет алаяқтарының да көбеюіне себеп болуда.

Интернет алаяқтық – азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін немесе ақшалай қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық әрекет. Алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, адамдардың сеніміне кіруге тырысады.

Ең көп кездесетін интернет алаяқтық түрлерінің бірқатына тоқтала кетейік. Алаяқтар өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, карта нөмірін, SMS-кодты немесе жеке мәліметтерді сұрайды.  Жалған интернет-дүкендер танымал тауарларды төмен бағамен ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды. Белгілі банктер мен ұйымдардың сайттарына ұқсас жалған парақшалар арқылы пайдаланушылардың құпия деректерін ұрлайды. Жалған аккаунттар арқылы ақша сұрау, ұтыс ойындары немесе инвестициялық жобаларға қатысуға шақыру жағдайлары жиі кездеседі.

Интернет алаяқтарынан қорғану үшін бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді бермеңіз, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Сонымен қатар онлайн төлем жасау кезінде тек ресми сайттарды пайдаланыңыз. Екі факторлы қорғаныс жүйесін қосыңыз, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеңіз.

Егер сіз интернет алаяқтарының құрбаны болсаңыз, дереу банкке хабарласып, төлем картасын бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына арыздануыңыз қажет. Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өз қаражатыңызды және жеке мәліметтеріңізді алаяқтардың қолына түсуден қорғай аласыз.

Алатау қаласының баспасөз қызметі