Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекет қалыптастырудың, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі. Осы бағытта Алатау қаласында құқықтық мәдениетті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.
Жыл басынан бері қала аумағында құқық қорғау органдарының, прокуратураның, білім беру ұйымдарының, жастар ресурстық орталығының және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен тұрғындар арасында түсіндіру кездесулері, дөңгелек үстелдер, ашық пікірталастар мен ақпараттық акциялар ұйымдастырылды. Іс-шаралардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру.
Әсіресе жастармен жұмысқа ерекше назар аударылды. Білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбие беру бағытында кездесулер өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің, лудоманияның, нашақорлықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Жастар арасында заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.
Сонымен қатар қала тұрғындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қала аумағында ақпараттық баннерлер орналастырылып, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық сипаттағы материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында тұрғындардың өтініштері мен мәселелеріне жедел ден қою жұмыстары да күшейтілді. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету бағытында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар қолға алынды.
Бүгінде заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарағанда ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға болады.
Алатау қаласында «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға бағытталады. Заңға құрмет – елдің дамуы мен қоғамдық келісімнің берік негізі болып қала береді.
