Алматы облысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында шетелде біліктілігін жетілдірген дәрігерлерден құралған мобильді топтың жұмысы жалғасуда. 2026 жылы медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 160 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 100 миллион теңге 37 дәрігердің Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының жетекші клиникалық базаларында білім алуына бағытталды. Бұл жайында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов баспасөз мәслихатында айтты.
Мамандар алғашқы медициналық-санитариялық көмек, ана мен бала денсаулығын сақтау, гематология, кардиология, нейрохирургия, онкология және басқа да маңызды бағыттар бойынша тәжірибе жинақтады.
Шетелдік клиникаларда меңгерілген заманауи білім мен тәжірибе бүгінде өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысына енгізілуде. Осы мақсатта құрылған мобильді топ Балқаш, Райымбек және Кеген аудандарына барып, тұрғындарға консультативтік және емдік көмек көрсетті.
«Мобильді топ мамандары жалпы саны 1137 науқасты қабылдап, әртүрлі 6 ота жасады. Сонымен қатар диспансерлік бақылауға алынған азаматтарға кеңес беріліп, алғаш рет анықталған аурулар бойынша емдеу тактикасы айқындалды,-деді облыстың бас дәрігері Ержан Сүлейменов.
Мобильді топ құрамындағы балалар нейрохирургі Ахмаров Рахим Асылбекұлы 2026 жылдың наурыз айында Санкт-Петербург қаласындағы В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығында «Балалар нейрохирургиясында инновациялық технологияларды қолдану» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырған. Кейін ол мобильді топ құрамында Балқаш, Райымбек және Кеген аудандарында жұмыс жүргізіп, балаларға мамандандырылған нейрохирургиялық көмек көрсетті.
Рахим Ахмаровтың айтуынша, шетелдік тағылымдама өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген.
«Санкт-Петербург қаласындағы жетекші медициналық орталықта білім алу мен үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды. Оқыту барысында балалар нейрохирургиясындағы заманауи диагностикалық және хирургиялық технологияларды меңгеріп, әлемдік тәжірибемен танысуға мүмкіндік алдым. Бүгінде сол білім мен дағдыларды Алматы облысының тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға пайдаланып келеміз. Әсіресе шалғай аудандардағы балаларға жоғары білікті көмек көрсету – біздің басты міндетіміз», – деді дәрігер.
Мобильді топтың жұмысы нәтижесінде шалғай елді мекендерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі артып, ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері жақсарды. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.
