Перейти к содержимому
Главная страница » Рингтегі рух пен дәстүр: Іле ауданында ірі бокс додасы басталды

Рингтегі рух пен дәстүр: Іле ауданында ірі бокс додасы басталды

Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында КСРО спорт шебері Күлмұхамбет Күлжабаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі XXIX ашық республикалық бокс турнирі басталды. Биылғы жарысқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстаннан келген 170-тен астам жас былғары қолғап шебері қатысуда. Жалпы саны – 11 команда. Турнирде 2011–2012 және 2013 жылы туған жасөспірім боксшылар 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салады.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және спорт қауымдастығының өкілдері қатысты. Жиналғандар Алматы облысында бокстың дамуына зор үлес қосқан Күлмұхамбет Күлжабаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Күлмұхамбет Күлжабаевты еске алуға арналған бұл турнир – спорттық дәстүрдің жарқын үлгісі. Осындай жарыстар арқылы біз елге еңбегі сіңген азаматтардың есімін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеп, қазақстандық бокстың үздік дәстүрлерін жалғастырамыз. Бұл дода жас спортшылардың өз күшіне сенімін арттырып, шеберлік шыңына тағы бір қадам жасауына мүмкіндік береді, – деді Іле аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Рақымжан.

Отыз жылға жуық тарихы бар бұл турнир бүгінде өңірдегі маңызды спорттық дәстүрлердің біріне айналды. Қазақстанның көптеген танымал былғары қолғап шеберлері дәл осындай жарыстарда алғашқы үлкен тәжірибе жинақтап, спорттық мінезін қалыптастырған.

– Бұл турнир 29 жыл бұрын Конаев қаласында Күлмұхамбет Күлжабаевтың достарының бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Ол өз дәуірінің көрнекті боксшысы еді. Соңғы 18 жылдан бері жарыс республикалық деңгейде өткізіліп келеді және оған кіші жасөспірімдер қатысады. Бұл жас спортшылардың үлкен жетістіктерге бастар алғашқы қадамдары. Олар жарыс кезінде толқуды жеңіп, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Жаттықтырушылар үшін тек жеңімпаздарды анықтау емес, бірнеше жылдан кейін Қазақстанның намысын халықаралық ареналарда қорғай алатын дарынды спортшыларды байқау да маңызды, – деді Алматы облысындағы «Жігер» спорт мектебінің жаттықтырушысы Сапар Рауанов.

Жарыстың алғашқы күнінен-ақ көрермендер тартысты әрі әсерлі жекпе-жектердің куәсі болды. Қатысушылардың жастығына қарамастан, рингте келесі кезеңге жолдама үшін қызу бәсеке өрбіді. Көптеген кездесулер тең дәрежеде өтіп, жанкүйерлерді соңғы гонгқа дейін толқытып отырды. Төрт күн ішінде жас боксшылар 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салады.

– Осындай ауқымды турнирде өнер көрсету өте қуанышты. Мұнда мықты қарсыластар, жанкүйерлер көп, ерекше атмосфера қалыптасқан. Әркім өзінің үздік өнерін көрсетіп, жүлдеге қол жеткізгісі келеді. Біз үшін бұл – үлкен тәжірибе әрі өз мүмкіндігімізді сынауға берілген жақсы мүмкіндік, – деді Талғар ауданынан келген жарысқа қатысушы Молдабай Бірлік.

Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алған спортшылар анықталды. Турнирдің финалдық жекпе-жектері мен жеңімпаздар және жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 20 маусым күні өтеді.