Қаһармандарды кез келген жерден кездестіруге болады. Олар – қажет сәтте өзгенің қайғысына бейжай қарамайтын қарапайым адамдар. Алматы – Өскемен автожолында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеткен Алатау қаласы «Жетіген» шағынауданында орналасқан 6654 әскери бөлімінің бір топ қызметкерлерін солардың қатарына жатқызсақ, ақиқаттың ауылынан алыстай қоймаспыз.
Жаз мезгілінде Алматы – Өскемен тасжолы ерекше қарбаласқа толы болады. Әсіресе демалыс және мереке күндері мұндағы көлік ағыны бірнеше есе артады. Көліктер санының артуымен бірге жол-көлік оқиғаларының қаупі де өседі. Мұндай жағдайларда әр минут қымбат. Сондықтан алғаш болып көмекке келетін адамдардың маңызы зор. Жуырда сондай оқиға болып, төтенше қызметкерлері жеткенше 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілері зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Олар – сержант Берік Сәрсенбиев, ефрейтор Шарапат Сағынов, санитарлық нұсқаушы Нүркен Бектай, сондай-ақ Қамбар Қанабек пен Әділ Қыстықбай. Апат болғанын көрген Ұлттық ұланының аталған әскери қызметшілері бірден көмекке ұмтылған. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, олармен бірге тағы үш әскери қызметші бірге болған. Олардың екеуі РМТО бөлімшесінен, ал біреуі коменданттық ротадан екен.
Сарбаздардың өздері үшін бұл әрекет ерекше іс болып көрінбейтін шығар. Қиындыққа тап болған адамның жанында абдырап қалмай, қолдау көрсетіп, көмекке шақырып, дәрігерлер келгенге дейін қолдан келгеннің бәрін жасау – ең алдымен адамгершіліктің үлгісі. Кадрлардан әскери қызметшілердің жедел әрекет етіп, төтенше жағдай қызметтері келгенге дейін апатқа ұшыраған азаматтарға көмек көрсеткенін көруге болады.
Ресми статистика деректеріне сәйкес, былтыр Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл сандардың артында телефон қоңырауынан, жақындарының алаңдауынан және көмек күтуден басталатын мыңдаған адам тағдыры жатыр. Зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетіп, кәсібилік пен адамгершіліктің үлгісін танытқан 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қуаныш ЗҰЛҚАШЕВ,
Қонаев гарнизоны әскери прокурорының орынбасары
