Қаскелең қаласындағы облыстық қан орталығында Халықаралық донор күніне орай «Қан тапсыр. Өмірді сақта» атты акция өтті. Іс-шара аясында донорларға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.
Бүгінде облыста 29 мыңнан астам донор бар. Осындай азаматтар мен қан орталығы ұжымының еңбегінің арқасында өңірдегі барлық медициналық мекеме қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз етілуде.
Ержан Әбілқасымұлы салтанатты жиынға шақырылған донорларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті. Бұл ретте алғашқы болып 48 рет қан тапсырған Николай Белянин марапатталды. Сондай-ақ 20-дан астам қан тапсырған азаматтар да құрметке ие болды. Олардың қатарында Әлия Даниярова, Қанат Қабылбай, Қанат Бәзімов, Қуат Сыдықов, Жанболат Мейірханов, Виктор Толкачев және басқа да донорлардың есімі аталды.
Донорларды облыстық қан орталығының директоры Азамат Заиров та құттықтады. Сонымен қатар ол әріптестері – трансфузиолог-дәрігерлердің, соның ішінде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының, Қарасай, Талғар және Жамбыл аудандары ауруханалары мамандарының еңбегін ерекше атап өтті. Оларға да сый-сияпат тапсырылды.
Донорлар атынан сөз алған Николай Белянин көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, донорлықтың қос пайдасы бар екеніне тоқталды. Бір жағынан өз денсаулығына пайдалы болса, екінші жағынан біреудің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол облыстық қан орталығы ұжымына қан топтарының қоры әрдайым жеткілікті болуын тіледі.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының трансфузиолог дәрігері Бағила Қоштаева да қан орталығы ұжымына игі тілегін жеткізді. Оның айтуынша, кез келген төтенше жағдайда облыстық қан орталығының қызметкерлері көмекке келіп, қажетті қанмен қамтамасыз етіп келеді. Бұл медициналық көмектің сапасын арттырып, науқастарды емдеуге зор ықпалын тигізуде.
Мереке көркемөнерпаздар концертіне ұласып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
