Перейти к содержимому
Главная страница » Тәртіп пен татулық тоғысқан

Тәртіп пен татулық тоғысқан

Балқаш ауданындағы профилактикалық жұмыстар нәтижесінде өңірге қарасты екі ауылдық округ алкоголь өнімдерінен ерікті түрде бас тартса, бүгінгі күні олардың қатарына Береке ауылдық округіне қарасты Бура ауылы да қосылды.
Аудандағы қоғамдық тәртіп пен салауатты өмір салтын берік ұстанған үлгілі ауылдардың қатары күн санап көбеюде. Қазіргі таңда 594 тұрғыны бар Бура шағын елдімекенінде тұрғындардың ынтымағы мен бірлігі көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына негіз болып келеді.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындары ортақ келісімге келіп, елдімекен аумағындағы дүкендерде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартты. Нәтижесінде Бура ауылында соңғы үш-төрт жыл бойы спирттік ішімдіктер сатылмай келеді. Бұл шешім тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қоғамдық тәртіптің нығаюына да оң ықпал етті.
Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрбол Қамаубаевтың айтуынша, аталған бастама қолға алынғалы бері ауылда құқықбұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдар азайып, жастар арасында салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатары көбейген. Әсіресе, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді тұрғындар жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында татулық пен жауапкершілікті ту еткен Бура жұртшылығы қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуде ұйымшылдығын байқатты.
– Мұндай игі бастама ауыл тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттырып, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық құндылықтарды қалыптастыруға жол ашты, – дейді Бура ауылдық округінің әкімі Дархан Сүндетбаев. Ауыл жастары ішімдікке, алкогольдік өнімдерге қарсы екенін алға тартып, игі бастамаға бірден қолдау көрсеткен.
Бүгінде Бура ауылы алкогольден бас тартқан үлгілі ауыл ретінде өңірге ғана емес, республика төңірегіндегі бар аймаққа өнеге болып отыр. Бірлік пен парасатқа негізделген бұл бастама қоғам саулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.
Бұл сөзімді растаған Бура ауылының тұрғыны Дәулетбақ Итанов та қазіргі таңда елдімекендегі қуаныш, той-думандардың да ішімдіксіз өтіп жатқанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгінгі күні Алматы облысы аумағында барлығы 23 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан болса, бұл көрсеткіш саны күн санап артуда. Мұндай игі бастамалар облыс көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы