Қатардағы жауынгер Серікжан Фатима Арманқызы – ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген қайсар қыздардың бірі. Ол бала кезінен-ақ жеті қазынаның бірі саналатын иттерге ерекше құмар болып өсті. Жануарларға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы уақыт өте келе болашақ мамандығын таңдауға үлкен себеп болды.
Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, 2023-2025 жылдары Жетісу облысындағы Талдықорған агро-техникалық колледжінің Төтенше жағдайлар кинология факультетінде білім алып, аталған саланың қыр-сырын терең меңгерді. Білім мен тәжірибені ұштастыра білген жас маман оқуын аяқтаған соң, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының қызметтік иттерді көбейту және өсіру бөлімшесіне жетекші лауазымына тағайындалды.
Қазіргі таңда Фатима Арманқызы қызметтік күшіктерді күтіп-баптау, үйрету және арнайы дайындықтан өткізу жұмыстарын жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді. Ол өз ісіне тиянақты, зерек әрі еңбекқор маман ретінде әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Қыз бала болса да, ер азаматтармен иық тірестіре қызмет атқарып, ауыр да жауапты жұмыстың бел ортасында жүр.
Кинология саласы асқан шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Қызметтік иттерді тәрбиелеу, оларды түрлі қызметке бейімдеу – үлкен шеберлік пен төзімділіктің нәтижесі. Бұл бағытта Серікжан Фатима Арманқызы өзінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп, шекара қызметінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ол – патриоттық рухы биік, Отанын шексіз сүйетін жас маман. Ел қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында адал қызмет етіп жүрген Фатима Арманқызы бүгінгі жастарға үлгі боларлық тұлға. Осындай қайсар қыздардың арқасында ел шебі берік, мемлекетіміздің қауіпсіздігі сенімді қорғалуда.
Л. Мақытбекқызы ҚР ҰҚК ШҚ Қызметтік кинология басқармасы, майор
