Қонаев қалалық кітапханасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбымен іс-шара өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы бірлесе ұйымдастырған түсіндіру жұмыстары сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ділмұрат Сунатиллаев және аталған басқарманың бас маманы Дархан Мұхамедияров арнайы келіп, қатысты. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері, қызметтік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен атқарудың және адалдық қағидаттарын нығайтудың маңызы, заң үстемдігін қамтамасыз ету туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу бағытында жүргізілген түсіндіру жұмыстарына Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының және аудандардағы бөлімдер мен филиалдарының қызметкерлері толық қатысты. Сондай-ақ қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заң талаптары мен құқықтық нормаларына сай толыққанды жауаптар мен кеңес алды.
Іс-шараны жүргізген тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев: «Қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыру, қоғамда құқықбұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағатында мұндай кездесулер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ары қарай да жалғаса бермек», – деп кездесу қатысушыларына алғыс білдірді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
