Мемлекеттің даму деңгейі тек ірі қалалардағы ғана көрсеткіштермен емес, ең алдымен, шалғайдағы елді мекендердегі заңдылық пен әділдіктің салтанат құруымен өлшенеді. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес — тек мемлекеттік саясаттың басымдығы ғана емес, бұл жергілікті жердегі басқару сапасын анықтайтын басты іс-қимыл. Аудан мен ауыл деңгейіндегі сыбайлас жемқорлық — қоғамның дамуын тежейтін, халық пен билік арасындағы алтын көпірді бұзатын қауіпті құбылыс.
Сыбайлас жемқорлықтың негізгі анықтамасы — қызметтік өкілеттікті жеке бастың мүддесіне пайдалану екені баршаға мәлім. Ауылдық деңгейде бұл көбінесе жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу және әлеуметтік көмек бөлу мәселелерінде көрініс табуы мүмкін. Алайда, мемлекеттік қызметші үшін ең басты фактор — халықтың сенімі. Бұл сенімге нұқсан келген сәтте кез келген реформа өз құндылығын жояды. Сондықтан әкімдік жұмысында «ашықтық» ұғымы жай ғана ұран емес, күнделікті жұмыс принципіне айналуы тиіс.
Ауылдық жерлерде жемқорлықтың белең алуына бірнеше фактор әсер етеді. Олар — шешім қабылдау процестерінің жабық болуы, тұрғындардың өз құқықтарын білмеуі немесе «мәселені» ескі әдіспен шешуге бейімділігі. Лауазымды тұлғалардың этикалық нормаларды сақтамауы. Мұның салдары экономикалық шығынмен ғана шектелмейді. Сапасыз салынған ауыл жолы немесе дұрыс жүргізілмеген су құбыры — жемқорлықтың нақты көрінісі. Бұл әлеуметтік теңсіздікті арттырып, ауыл жастарының болашаққа деген ынтасын төмендетіп, урбанизацияға кеңінен жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін тек заңға ғана сүйену жеткіліксіз. Мұнда жүйелі тәсіл қажет, ауыл бюджетінің жоспарлануы мен жұмсалуын жергілікті қоғамдастық жиын мүшелерінің қатысуымен талқылап, әрбір тиынның қайда кеткенін тұрғындар көріп отыруы тиіс.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру шенеунік пен азамат арасындағы тікелей байланысты жойып, парақорлықтың қауіпін едәуір төмендетеді.
Адал еңбекпен табыс табуды қоғамдық нормаға айналдыру да сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл — бұл бір күндік науқан емес, үздіксіз жүруі тиіс процесс. Ауыл әкімі ретіндегі басты міндет — заң үстемдігін қамтамасыз ете отырып, әрбір тұрғынның билік органдарына деген сенімін нығайту қажет. Тек таза қол, ашық ой және адал ниет қана ауылдың берекесін арттырып, қоғамды осы кеселден айықтыра алады. Егер әрбір азамат пен мемлекеттік қызметші өзінен бастап әділ болса, жемқорлыққа орын қалмайтыны анық.
Ернат ЫСҚАҚ
Кеген ауданы
Кеген ауылдық округінің әкімі
