Перейти к содержимому
Главная страница » Көпке үлгі қос ауыл

Көпке үлгі қос ауыл

     Қоғамның тыныштығы мен елдің амандығын сақтауда маскүнемдіктің алдын алу – мемлекет үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алкагольді пайдалану салдарынан туындайтын құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шараларды тұрақты жүргізуде. Соның ішінде «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы айрықша орын алып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың ауқымы кең өрістеуде. Бұл бастамаға Райымбек ауданының тұрғындары да белсенді қолдау білдіруде. Әсіресе, Жаңа Текес пен Көксай ауылдарының тұрғындары той-томалақ пен қуанышты шараларды ішімдіксіз өткізу арқылы көпке үлгі көрсетуі құптарлық.

   Аудандық Ішкі сяасат бөлімі мен полиция бөлімінің басшылары, ауыл тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу барысында, осы екі ауылда соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс орын алмағаны айтылды. Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Санат Демеуов атап өткендей, бұл нәтижелер тәртіп пен заңдылықтың сақталуының айқын көрінісі. Ал Текес ауылдық округінің әкімі Ермек Әметов пен Көксай ауылының ақсақалы Қ.Қасымбаевтың орнықты ой, пікірлері бұл бастаманың маңызды екенін дәлелдейтіні анық.

     Қай кезде де қоғамның беріктігі мен мемлекеттің қуаты заңға құрмет пен тәртіпке деген жауапкершіліктен бастау алады. Жаңа Текес пен Көксай ауылдарының өнегелі тәжірбиесі – осының жарқын дәлелі. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен ортақ ұстанымы нәтижесінде қалыптасқан «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берудің тиімді жолына айналып отыр.

    Заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде береке де, бірлік те баянды болмақ. Мұндай игі бастамалардың ауқымын кеңейтіп, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау – уақыт талабы. Өйткені, тәртіпке бағынған қоғамда тыныштық салтанат құрып, елдің ертеңіне деген сенімі нығая түспек. Ал татулық пен жауапкершілікті ту еткен ауылдардың қатары көбейген  сайын Заң мен тәртіптің өміршеңдігі артып, әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадамдар нақтылана беретіні айтпа са да түсінікті.

Жұмабек ТҰРДИЕВ   

Райымбек ауданы