Еліміздің өткенін зерттеп, електен өткізілуіне қажетті құнды деректерді сақтайтын бір ғана мекеме бар. Ол – архив. Архив – тарихтың құнды қазынасы.
Мемлекеттік архивтер – заңнамалық тұрғыдан белгілі бір міндетті атқаратын арнайы мекеме. Ондағы басты жұмыс – архив қорын сақтау, үнемі толықтырып отыру, халық игілігіне пайдалану.
Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін архив және ондағы сақталатын құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше. Архив қорында төл тарихымызға қатысты баға жетпес мол мұра сақталған. Сондықтан ел аумағындағы мемлекеттік архив қорына зор жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің талабы.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңында «Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды» деп көрсетілген.
«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» деп Мұқағали ақын жырлағандай, өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Сол сынды архив мекемесінің де өз тарихы бар.
Аталмыш мекеме 1986 жылы 18 маусымда «Жеке құрам бойынша Кеген аудандық шаруашылық есептегі архиві» болып құрылды. 1994 жылы 14 ақпанда №79 Кеген ауданы әкімі қаулысымен шаруашылық есептегі аудандық архив бюджетке көшірілді. 1997 жылы Кеген, Нарынқол аудандық архивтері қосылып, Кеген ауылында Райымбек аудандық архиві болып жұмысын жалғастырды. 2018 жылы «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Кеген филиалы болып өзгертілді. 2013 жылы сол кездегі облыс басшылығының қолдауымен архив 28 жылдан кейін жаңа ғимаратқа ие болып, нұр үстіне нұр жауды.
Архив ашылғанда Тоқтарбай Смайыл басшылық етіп, жалғыз өзі жұмыс істесе, 1987-1994 жылдар аралығында Нәби Рысбеков директор қызметін атқарды. Бұл кезеңде Лиза Әшімова, Мінәсиф Аманқұлова архивші, Гүлнар Құныпияева есепші болды. 1994-2011 жылдар аралығында марқұм Бибігүл Өзбекова директор қызметін атқарды. Ұлжалғас Солтанғазиева, Күлбақыт Нүптекеева, Несіпкүл Құныпияева архивші болып еңбек етті. 2011-2024 жылдар аралығында Ұлжалғас Солтанғазиева директор болды.
Қазіргі уақытта Раушан Санатқызы директор болса, Күлбақыт Нүптекеева, Дана Қасымшал – архивші, Жақсылық Дәулетхан – ақпараттық жүйелер архившісі. Одан басқа Жанар Сарбас, Ұлтуған Әлімбекова, Тұрғанбек Көшербаев, Жанғабыл Тәліпбаев қосымша қызметтер атқаруда.
Архив жұмыс істеген кезеңнен бастап ұжымшар, кеңшарлардан, аудандық, ауылдық әкімдіктерден, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардан 121 қор, 1928-2017 жылдарда 34155 мыңнан астам сақтау бірлігі жиналған. Оның №113 қорында Кеген ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Қанәділ Әбдікәрімовтің және №140 қорында Кеген аудандық комсомолдар ұйымында екінші хатшы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Жалаңаш орта мектебінің директоры, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Кеген, Райымбек аудандары ақсақалдар алқасының төрағасы болған Совет Оразаевтың жеке қор құжаттары сақталуда.
Мекеме құрылған уақыттан бері архив қызметінің Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік есебін жүргізу, мемлекеттік сақтауға қабылдау және олардың сақталуын қамтамасыз ету, құжаттарға ғылыми-анықтамалық ақпарат жасау, әлеуметтік құқықтық, тақырыптық сұранымдарды орындау және жетілдіру, жариялау сияқты негізгі бағыттарын жүзеге асырады. Архив тек құжаттарды сақтау орны емес, халыққа патриоттық, рухани тәрбие беретін, тарихи білімді зерделеу мен насихаттауға кең мүмкіндік ашатын ғылыми мекемеге айналды деп айтуымызға болады.
Биыл «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Кеген филиалына 40 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мекеме көптеген жетістікке жетті. Бұл – тек уақыт межесі ғана емес, ұлт тарихын сақтаудағы баға жетпес мұраны келер ұрпаққа жеткізудің айғағы. Төрт он жылдықта жинақталған құжаттар қоры елдің өткені мен бүгінін байланыстыратын құнды мұра болып саналады. Әрбір сақталатын дерек болашақ ұрпақ үшін маңызды рухани байлық.
«Өткеннің даналығы – қазіргінің баға жетпес байлығы» дегендей, бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Тарихты халық жасаса, сақтайтын архив. Архив – біздің өткен, бүгінгі және болашақтағы тарихымыз! Тарихын білген ел ғана жетістікке жетеді.
Раушан Санатқызы,
«Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ
Кеген филиалының директоры
