Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндетінің бірі. Осы орайда елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын барлық салада орнықтыру бағытында құқықтық реформа жүргізілуде. Аталған қағидат әрбір азаматтың заң алдында тең болуын, құқығы мен бостандығын қорғауды, құқықбұзушылыққа жол бермеуді және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуді көзейді.
Заң талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, баршаның ортақ міндеті. Сондықтан облыс көлемінде заңды құрметтеу, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ілкімді істер мен толымды тірліктер атқарылуда. Бұл жұртшылықтың құқықтық сауаттылығы мен заңға деген жоғары құрметі қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті нығайта түседі.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстарды жүзеге асыруда сот жүйесі де ерекше рөл атқарады. Қазіргі кезде сот жүйесінде ашықтықты, қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Цифрлық технологияларды енгізу жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызуда. Мұның аталған қағидаттың іске асуына септігін тигізетіні анық. Өйткені әділ сот төрелігі қоғамның сотқа деген сенімін арттырып, құқықтық мемлекеттің дамуына ықпал етеді.
Қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі маңызды міндет. Алдымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылу қажет. Сол себепті құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар, психолог, нарколог, заңгер, сарапшылардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізілуде. Аталған шаралар барысында заң талаптарын сақтау, есірткі қылмыстарының алдын алу, алаяқтардан қорғану, интернет қауіпсіздігі мәселелері кеңінен түсіндірілуде. Студенттер дропперлік қылмыстардан сақтандырылуда. Осындай жұмыстардың жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтатынын сөзсіз.
Әрбір азамат заңды құрметтеп, өз құқығы мен міндетін білу арқылы құқықтық тәртіптің нығаюына үлес қоса алады. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде басшылыққа алу еліміздің дамуы үшін өте маңызды.
Асқар ҚАЛМАҚБАЕВ,
Алматы облысы бойынша сот әкімшілігі
департаменті басшының міндетін атқарушы
