Перейти к содержимому
Главная страница » Алатау – жаңа экономикалық саясаттың нақты тәжірибе алаңына айналады

Алатау – жаңа экономикалық саясаттың нақты тәжірибе алаңына айналады

Алатау қаласы – ХХІ ғасырдың алғашқы жартысындағы орта Азиядағы аса ауқымды мега-жоба саналмақ. Нақты деректерге жүгінсек, шаһар 4 арнаулы аумаққа бөлініп, 2050 жылға дейін дамытылады. Бір атап өтер жайт, жаңа қаланы басқарудың тың моделін қалыптастырудың құқықтық базасы әзірленіп үлгерді. Яғни, арнайы Конституциялық заң қабылданды. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы әзірленіп жатыр.
Қазірдің өзінде қаланың бірқатар ауданы жедел өркендеп келеді. Мысал ретінде Gate City тұрғын үй алабын атауға болады. Мұнда «жайлы мектеп» бой көтеріп, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс істейді. Сонымен қатар 53 инвестициялық жобадан тұратын, жалпы сомасы 2 триллион теңгелік ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Бүгінде бірқатар нысанның құрылысы басталып та кетті. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда. Жоспарда Iconic Complex жобасы тұр. Бұл Алатаудағы көпфункционалды озық кешен саналады. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек.
Сарапшылар бұл бастаманы Қазақстанның жаңа экономикалық даму кезеңіне қадам басуы әрі халықаралық инвестициялық және технологиялық бәсекеге бейімделу әрекеті ретінде бағалауда
– «Алатау» жобасын Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жаңғырту стратегиясының практикалық әрі институционалдық жалғасы ретінде қарастыруға толық негіз бар. Себебі бұл жоба Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру бағыттарымен тікелей үндеседі. Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың шикізаттық моделінен инновациялық және технологиялық модельге көшу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Алатау – жаңа экономикалық саясаттың нақты тәжірибелік алаңына айналады» – дейді экономист Динара Мамырбекова.
Ең бастысы, Алатауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономиканы жаңғырту, цифрландыру және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру стратегиясының нақты практикалық көрінісі ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан Алатау болашақта Орталық Азиядағы ірі технологиялық, қаржылық және инновациялық орталықтардың біріне айналу әлеуетіне ие стратегиялық жоба болып саналады.
Өз тілшіміз