Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасының берекесін бұзып, қоғамның дамуына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Зорлық-зомбылық тек дене күшін қолданумен шектелмейді. Психологиялық қысым көрсету, қорқыту, балағаттау, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлеріне жатады.
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан әрбір шаңырақта өзара сыйластық, түсіністік пен жауапкершілік болуы қажет. Өкінішке қарай, тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық оқиғалары балалардың психологиялық дамуына кері әсер етіп, олардың болашақтағы өмірлік ұстанымдарына ықпал етеді. Зорлық-зомбылықты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, кейін өз отбасында қайталауы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары өте ауыр. Ол адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, отбасының ыдырауына, балалардың тәрбиесіне және қоғамдық қауіпсіздікке теріс әсер етеді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қоғам болып бейжай қарамауымыз қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, отбасындағы мәселелерді күш қолдану арқылы емес, өзара түсіністік пен диалог арқылы шешуге ұмтылуы тиіс.
Алатау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, азаматтарды құқықтық мәдениетті арттыруға шақырады.
Тыныш әрі қауіпсіз қоғам – әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Отбасыдағы сыйластық пен мейірімділік – бақытты болашақтың кепілі.
Алатау қаласының тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға және заң талаптарын сақтауға шақырамыз!
