Перейти к содержимому
Главная страница » Жалған нөмірге – заң қатаң

Жалған нөмірге – заң қатаң

Елімізде темір тұлпарлардың жыл сайын көбейіп жатқаны айдан анық. Бұл әлеуметік жағдайдың артып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ сол темір тұлпар тізгіндеген кей жүргізушілердің жауапсыздығы талай қайғылы оқиғамен аяқталды. Мыңдаған адам зардап шегіп, енді бірі өмірімен қоштасып та жатыр. Сондықтан елімізде көлік құралдарын басқарушыларға заң да қатаңдатылған болатын.

Ұйғыр ауданында көлік тізгіндеушілер арасындағы заңсыздықтың алдын алу мақсатында «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мұндағы мақсат – аудан аумағында көлік құралдарын пайдалану кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қылмыстарды ашу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.

Іс-шара барысында аудан көлемінде қызмет күшейтілген режимде ұйымдастырылып, автокөлік жолдарында, елдімекендерде және халық көп шоғырланған орындарда рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің заңдылығын, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану деректерін, тіркеу құжаттарының сәйкестігін, сондай-ақ көлік құралдарының заңды тіркелуін тексеруде.

Сонымен қатар жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану, мемлекеттік нөмірлерді жасыру немесе өзгерту заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Полиция қызметкерлері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралдарын заң талаптарына сәйкес пайдалануға және құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды. Алдағы уақытта да мұндай рейдтік жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрмақ.