Перейти к содержимому
Главная страница » «Түнгі қаладағы балалар» рейді жалғасуда

«Түнгі қаладағы балалар» рейді жалғасуда

Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Балқаш ауданында 18–20 маусым күндері аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және балаларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу.
18 маусым күні Балқаш аудандық полиция бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы және білім бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, түнгі рейд ұйымдастырды. Рейд барысында мамандар аудандағы қоғамдық орындар, әсіресе балалар көп жүретін саябақтар, кафелер мен дүкендерге барып, ата-аналарға балалардың түнгі уақытта қараусыз жүрмеуі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара 19 маусым күні де өз жалғасын тапты. Рейд барысында Балқаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Әбдібеков Құрал Құралбекұлы Бақанас ауылындағы бірқатар демалыс орындары мен дүкендерді, сондай-ақ Ақдала ауылындағы саябақты аралап, кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруге болмайтыны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар Д. Қонаев атындағы саябақта балаларымен бірге серуендеп жүрген ата-аналарға бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу және оларды қараусыз қалдырмау қажеттігі түсіндірілді.
Аталған рейдтік жұмыстар барысында бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған ата-аналардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны туралы да ақпарат берілді. Сондай-ақ, рейд барысында квадроцикл мінген кәмелетке толмаған бала анықталып, ата-анасына ескерту берілді. Мұндай рейдтік жұмыстар Балқаш ауданында тұрақты түрде жүргізіліп, жалғасад береді.
Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ата-аналар мен заңды өкілдерді кәмелетке толмаған балалаларын кешкі және түнгі уақытта бақылаусыз жіберуге жол бермеуге шақырамыз.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы