Перейти к содержимому
Главная страница » Қаржылық тәртіп күшейеді

Қаржылық тәртіп күшейеді

Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын іске асыруға бағытталған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша бірқатар қаржылық және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.  Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ерік Бақытов пен мемлекеттік аудит бөлімінің бас маман-мемлекеттік аудиторы Бақытжан Молдабеков айтып берді.

Мемлекеттік аудит барысында 39 аудит объектісінің қызметі қамтылып, жалпы көлемі 45,5 млрд теңгеден астам қаржыға талдау жасалды. Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге жуық бұзушылықтар анықталып, бұл тексерілген қаржы көлемінің 21 пайызын құрады. «Анықталған бұзушылықтардың негізгі бөлігін 7,2 млрд теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтар құрады. Сонымен қатар 1,5 млрд теңге көлемінде тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты, 587,2 млн теңге көлемінде тиімсіз пайдаланылған қаражат және 257,2 млн теңге көлемінде ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Бұдан бөлек, рәсімдік сипаттағы үш бұзушылық тіркелді», – дейді мемлекеттік аудитор Бақытжан Молдабеков.

Аудит барысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 11 факт анықталып, кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру үшін тиісті материалдар ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы облысы бойынша департаментіне жолданды.

Ерік Бақытовтың айтуынша, заңнама талаптарының сақталмауына жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында ауылдық округ әкімдері аппараттарының мамандары мен аудандық кітапхана қызметкері бар. Тәртіптік жазалардың басым бөлігі «ескерту» түрінде қолданылса, бір қызметкерге «сөгіс» жарияланған.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтардың салдарын жою және олардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты ұсынымдар мен нұсқамалар берілген. Атап айтқанда, жергілікті бюджетке қайтарылуға тиіс қаражаттарды өндіру, қаржылық есептіліктегі бұзушылықтарды қалпына келтіру, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша шаралар қабылданған. Мемлекеттік аудит нәтижелері бюджет қаражатын тиімді әрі ашық басқарудың, мемлекеттік активтерді ұтымды пайдаланудың және қаржылық тәртіпті нығайтудың маңыздылығын көрсетті. Алдағы уақытта анықталған кемшіліктерді жою және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарына баса назар аударылады. Ерзат АСЫЛ