Перейти к содержимому
Главная страница » Пікірсайыста бақ сынады

Пікірсайыста бақ сынады

Іле ауданында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған «Әкім кубогы – 2026» аудандық пікірсайыс турнирі өз жұмысын бастады. М.Түймебаев ауылындағы «Келешек» мектебінде өткен турнирдің ашылу салтанаты мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келді. Осы атаулы күн қарсаңында өткізілген пікірсайыс турнирі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, шешендік қабілетін дамытуға, сыни ойлау мен кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталды.

 Шараның салтанатты ашылуында мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызы ерекше атап өтілді. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асырушы тұлға. Сондықтан олардың жан-жақты дамуы, заманауи талаптарға сай ой қорытып, қоғаммен тиімді байланыс орната білуі уақыт талабы саналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында пікірталас мәдениетін қалыптастыру, заң мен тәртіп қағидаларын дәріптеу, қызметкерлердің кәсіби және интеллектуалдық әлеуетін арттыру.

Шараның ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ділмұрат Сунатиллаев, Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы Данияр Сарымбеков, аудандық прокуратураның прокуроры Әзілхан Нұрқалиұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Данияр Ермекұлы мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, пікірсайыс алаңы қызметкерлердің білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Ділмұрат Сайфуллаұлы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтық, әділдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне тоқталып, жастар мен мемлекеттік қызметшілер арасында пікірталас мәдениетін дамыту маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ аудан прокуроры Әзілхан Нұрқалиұлы заң үстемдігі мен құқықтық сауаттылықтың маңызына айрықша тоқталып, қатысушыларға тартысты додада сәттілік тіледі.

Турнирге ауданның түрлі мемлекеттік мекемелерінен құралған командалар қатысты. Олар өзара пікір алмасып, қоғамдық маңызы бар мәселелер төңірегінде ой жарыстырады. Пікірсайыс барысында сайыскерлердің логикалық ойлау қабілеті, шешендігі, шеберлігі мен құқықтық сауаттылығы сынға түсті.

Бүгінде пікірсайыс қозғалысы жастар мен мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен дамып келеді. Себебі пікірсайыс – тек жарыс қана емес, тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін тиімді алаң. Ол қатысушыларды тыңдай білуге, өз ойын жүйелі жеткізуге, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға үйретеді.

«Әкім кубогы – 2026» турнирі де осы мақсаттарды көздей отырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң. Сөз мәдениеті мен ой ұшқырлығы сыналатын бұл додада әр команда өз білімін, білігін және азаматтық ұстанымын көрсетуге мүмкіндік алады. Ал мұндай бастамалар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, қоғамда заң мен тәртіп қағидаларын нығайтуға қызмет етері сөзсіз.