Алматы облысында еліміздің желкенді спорттағы басты ұлттық додасы – Қазақстан республикасының желкенді спорттан чемпионаты басталды. Дәстүрлі түрде өтетін бұл жарыс еліміздің үздік яхтсмендерін бір арнаға тоғыстырып, Қазақстан ұлттық құрамасының болашақ құрамын айқындайтын маңызды сын болып саналады.
Салтанатты ашылу рәсімінде елімізде желкенді спортты дамытудың маңыздылығы ерекше аталып өтті. Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қазақстан республикасы желкенді спорт федерациясының өкілдері жаттықтырушылардың, спортшылардың және Алматы облысында қалыптасқан спорттық инфрақұрылымның отандық яхтинг мектебін дамытудағы зор үлесін атап өтті.
– Еліміздегі желкенді спорттың дамуында Қапшағай су қоймасының орны ерекше. Тұрақты желі, кең айдыны және қолайлы климаттық жағдайларының арқасында бұл су айдыны ұзақ жылдар бойы республикалық деңгейдегі негізгі оқу-жаттығу және жарыс алаңы болып келеді. Мұнда Қазақстан чемпионаттары, жастар біріншіліктері және ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өткізіледі. Биыл да бірнеше күн бойы еліміздің әр өңірінен келген спортшылар ресми Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салып қана қоймай, биылғы жылдың қыркүйек айында Жапонияда өтетін ХХ Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғау құқығы үшін де бақ сынайды, – деді Қазақстан республикасы желкенді спорт федерациясының вице-президенті Мақсұт Нарбаев.
Чемпионатқа Алматы, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан келген спортшылар қатысуда. Жалпы саны 50-ден астам яхтсмен түрлі жас санаттарында – жасөспірімдерден бастап халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріне дейін бақ сынауда.
Жарыс бағдарламасына желкенді спорттың көптеген сыныптары енгізілген. Атап айтқанда, «Оптимист», ILCA (Laser), «Кадет», «470», «Финн», «Луч», «Луч-радиал», «Луч-мини», «Микро» және басқа да олимпиадалық сыныптар бойынша жарыстар өтеді.
Чемпионатқа Қазақстанның жетекші яхтсмендері, оның ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Антон Гаас, Яна Белозерова, Таисия Ильина және Алматы облысының басқа да спортшылары қатысуда.– Қапшағай акваториясы спортшыларға жақсы таныс болғанымен, мұнда жарысу оңай емес. Желдің бағыты жиі өзгеріп тұрады, сондықтан әр спортшыдан жоғары шеберлік, тактикалық ойлау және жылдам шешім қабылдау талап етіледі. Осындай жағдайда нағыз кәсіби спортшылар қалыптасады, – деді Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Яна Белозерова.
Яна желкенді спортпен 17 жылдан бері айналысады. Ол бұл спортқа 13 жасында келіп, алғашқы жаттығулардан-ақ өзінің әлеуетін дәл осы салада жүзеге асыра алатынын түсінген. Бүгінде оның қоржынында Қазақстан чемпионаттарында және халықаралық регаталарда жеңіп алған көптеген жүлделер бар.
Жарыстың алғашқы күні тартысты әрі көрермен қызыға тамашалайтын бәсекеге толы болды. Құбылмалы жел, нәтижелердің өте тығыз болуы және барлық сыныптағы спортшылардың жоғары дайындық деңгейі финалдық жарыстарға дейінгі интриганы күшейте түсті.
– Жеңімпаздар бірнеше жарыстың қорытындысы бойынша анықталады. Мұнда бір ғана сәтті нәтиже емес, тұрақтылық, тактикалық сауаттылық және ауа райының құбылуына бейімделе білу шешуші рөл атқарады. Алғашқы жарыстардың өзі барлық сыныпта бәсекенің өте жоғары екенін көрсетті. Дәл осындай додада болашақ халықаралық жеңістердің негізі қаланады, – деді Алматы облысының желкенді спорттан аға жаттықтырушысы Олег Куливацкий.
Қазақстан республикасының желкенді спорттан чемпионаты 30 маусымға дейін жалғасады.
