Сот жүйесі – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғайтын маңызды мемлекеттік институт. Бұл салада қызмет ету тек заңды жетік білуді ғана емес, жоғары жауапкершілікті, әділдік пен адалдықты талап етеді. Әрбір қабылдаған шешімі адам тағдырына әсер ететіндіктен судьяға зор жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда қабілет-қарымы мен кәсіби деңгейінің арқасында осындай абыройлы міндетті адал атқарып жүрген Қонаев қалалық сотының судьясы Руслан Хамитов туралы сөз қозғамақпыз.
Руслан Тиштықұлы 1990 жылы 25 маусымда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарағайлы ауылында дүниеге келген. Қарағанды қаласындағы «Фемида» заң колледжін тәмамдап, құқық негіздерін меңгерген. Кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіру ниетімен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде заң саласындағы теориялық білімін тереңдетеді. Білімін жетілдіруді тоқтатпаған ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Әділет академиясында оқып, құқық магистрі академиялық дәрежесін иеленеді.
«MAG Alliance», «SMU-5» мемелері мен жеке кәсіпкер Гнидинде бетоншы болып еңбек жолын бастаған Руслан білім алуға ұмтылысының арқасында кәсіби бағытын айқындап алады. 2012 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Мартбек Мамыраев атындағы ауылық округі әкімдігінде жетекші маман болып, мемлекеттік басқару саласының қыр-сырын терең меңгереді. Оның халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың өтініш-шағымдарын қарап, құқықтық мәселелерді шешумен айналысуы кәсіби қалыптасуына септігін тигізгені сөзсіз.
Руслан Хамитов 2014 жылдан бері сот жүйесінде қызмет атқарып келеді. Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында жетекші маман, кейіннен бас маман-сот отырысының хатшысы лауазымында абыройлы еңбек етті. Алғашқы кездері кездескен қиындықтарға сағы сынбай, ұжымдағы ілкі буын өкілдерінен білмегенін үйреніп, ақыл-кеңесіне құлақ түре жүріп, өз міндетін мүлтіксіз атқарады. Шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстырып, кәсібилік сипатын айшықтай келе, Қарағанды облыстық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы қызметін атқарды.
Бұл қызметтерде жүріп сот жүйесінің қызметін жан-жақты меңгеріп, озық тәжірибе қайнарынан сусындайды.
Мемлекеттік қызмет пен сот жүйесінің сатыларынан өтіп, тәжірибесін толыстырып, кәсіби шеберлігін шыңдаған Руслан 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алматы облысы Қонаев қалалық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Судья қызметі – күрделі әрі жауапты. Өйткені әрбір қаралған істің артында азаматтың үміті мен сенімі тұрады. Кейде бір ғана шешім бүтіндей бір әулеттің болашағына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан судьядан істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, әділдік қағидатын берік ұстану талап етіледі. Руслан Хамитовтың жаңа қызметін меңгеріп, аталған талап үдесінен шыға алуына тәлімгері Симузар Курбанованың көп көмегін көрсеткенін атап өткен жөн. Оның әрбір іске аса мұқият қарап, заң мен ар-ождан таразысын тең ұстауға ұмтылатын білікті маман болып қалыптасуы ұстазының әрдайым бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтегенінің арқасы екені сөзсіз.
Кейінгі кезде сот жүйесі батыл бетбұрыстарға толы болғаны баршаға белгілі. Жұмысты ілгерілету бағытында түрлі жаңашылдықтар енгізілуде. Осы орайда Руслан да заманауи технологияларды меңгеріп, сот жүктемесін оңтайландыру бағытындағы жобалардың жүйелі жүзеге асуына атсалысып, халық игілігі үшін қызмет етуде. Ол барлық істерді мұқият зерделеп, заң талаптарына сәйкес қарап, әділ шешім шығаруға баса назар аударады. Азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғап, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуі және сот төрелігін сапалы жүзеге асыруы оның кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің молдығын анық аңғартады. Заң талаптарына сай әділ шешім қабылдауды басты қағида етіп ұстанған судья мамандығына деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестерінің де құрметіне бөленуде. Сонымен қатар ол облыстық Судьялар одағының хатшысы ретінде сот қауымдастығының дамуына және кәсіби тәжірибе алмасу мен құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарға белсене қатысады. Сондай-ақ спорттық бәскелерде де ұжымның намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленуде.
Қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан судьяның еселі еңбегі ескерусіз қалмай, Қонаев қаласы әкімінің, облыстық және қалалық сот төрағаларының, облыстық Судьялар одағы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі
