Соңғы жылдары интернет алаяқтық фактілері жиілеп, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруде. Осыған байланысты Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция майоры Бауыржан Амангелді аудандағы мемлекеттік қызметкерлермен арнайы кездесу өткізіп, интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында алаяқтардың азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолданатыны айтылды. Әсіресе, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін сұрайтын жағдайлардың жиілегеніне назар аударылды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін күмәнді сілтемелердің қауіптілігі түсіндірілді.
Полиция майоры жиынға қатысушыларға жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу, белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарау және қаржылық операцияларды асығыс жасамау қажеттігін ескертті. Кез келген күмәнді жағдайда банкке немесе тиісті мекемелерге тікелей хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін нақтылап алған жөн екенін атап өтті
Іс-шара соңында қатысушыларға ақпараттық брошюралар таратылып, интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау бойынша ұсыныстар берілді.
Мамандардың айтуынша, алаяқтардың арбауына түспеудің ең тиімді жолы – қырағылық пен сақтық. Сондықтан азаматтардан жеке деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, күмәнді ұсыныстар мен хабарламаларға сенбеу сұралады.
Алтынай СЕЙТКЕН Балқаш ауданы
