Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде Балқаш аудандық орталық ауруханасында «Ұлт саулығы – біздің қолымызда» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған аурухананың медицина қызметкерлері қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу жолдарын талқылады.
Жиынның негізгі мақсаты – зиянды тәуелділіктердің алдын алу ісіндегі медицина саласы мамандарының жауапкершілігін арттыру және осы бағыттағы мекемелер арасындағы ынтымақтастықты күшейту болды.
Кездесу барысында есірткі мен алкогольге тәуелділіктің адам денсаулығына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне, демографиялық жағдайға және елдің болашағына тигізетін кері әсері сөз болды. Балқаш аудандық орталық ауруханасының директоры Бақыт Жәмеков аталған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, олардың салдарына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін атап өтті.
Жиында тәуелділікті ерте кезеңде анықтау мен диагностикалаудың маңызы ерекше айтылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының тәуекел тобына жататын азаматтарды анықтап, оларға дер кезінде қолдау көрсету және қажетті емдеу мекемелеріне бағыттау тетіктері қарастырылды.
Сондай-ақ наркологиялық қызмет мамандары, емхана дәрігерлері, психологтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Бас дәрігер профилактикалық жұмыстардың нәтижелілігі барлық мүдделі тараптардың үйлесімді іс-қимылына тікелей байланысты екенін жеткізді.
Кездесуде халық арасында, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Осы мақсатта дәрістер, кездесулер мен ақпараттық акцияларды жиі өткізу қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында медицина қызметкерлері ұлт денсаулығын сақтау әрбір ақ халатты жанның кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық жауапкершілігі екеніне тоқталды. Сондай-ақ нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы
