Перейти к содержимому
Главная страница » Қоғам қауіпсіздігі — бірінші орында

Қоғам қауіпсіздігі — бірінші орында

Қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі – заң мен тәртіптің сақталуы. Заң талаптарының орындалуы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жастардың дұрыс тәрбиеленуіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіптің нығаюына ықпал етеді.

Бүгінде құқық қорғау органдары тарапынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар мен түнгі рейдтер ұйымдастырылып келеді. Түнгі уақытта аудандағы қоғамдық орындар, ойын-суық орталықтары, кафе, мейрамханаларға рейд жүргізіліп, ата-анасы немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жалғыз жүрген жасөспірімдер анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады.

«Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуына байланысты шара қарастырылған. Осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес, сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі уақыт аралығында жасөспірімдер ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-аналарына  үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 23:00-ден таңғы 6 арасында тұрғынжайдан тыс жерде жүрсе, балалардың заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, жасөспірімдердің заңды өкілдеріне салынатын айыппұл жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады. Бұл нормалар ата-ананы жазалау үшін емес, балаларды түнгі уақытта болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерден қорғау үшін қабылданған. Сондықтан әр ата-ана баласының қашан, қайда және кіммен жүргенінен әрдайым хабардар отыруы керек», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ержан Мұқан.

Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің мәліметінше, кезекті түнгі рейд барысында Есік қаласында орналасқан «Janym Soul» кафесінде 2010 жылы туған А.Р. кәмелетке толмаған жасөспірім түнгі уақытта жалғыз жүргендігі анықталып, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес баланың заңды өкіліне қатысты 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың ойын-сауық мекемесінде жүруіне жол берген мекеме иесі, яғни жеке кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 132-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған, әрі алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша  25 жеке кәсіпкер, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 647 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Түнгі рейд барысында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша 67 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ рейд барысында автокөлік тізгіндеген кәмелетке толмаған 10 жасөспірім анықталып, олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 128-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, автокөліктер айыппұл тұрақтарына орналастырылған.

Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және жасөспірімдерге темекі бұйымдарын сатудың алдын алу мақсатында ЮПТ-ның инспекторлары тарапынан 7 жеке кәсіпкер ҚР ӘҚБтК-нің 423-1 бабы бойынша, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді сатқаны үшін 8 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды.

Соңғы жылдары көшеде мопед пен скутерлер көбейгені – көпшілікті алаңдатып отырған мәселенің бірі. Осы орайда балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мопед, скутер айдауға заң талаптарына сәйкес тыйым салынғанын ескере отырып, Еңбекшіқазақ АПБ қызметкерлері әр апта сайын ауылдық аймақтарда тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді. Аталған рейдтік іс-шаралар барысында жергілікті атқарушы органдардың, жастар ресурстық орталығының мамандары мен білім саласының қызметкерлері жұмылдырылады.

Мұның барлығы да – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру, заң мен тәртіпті сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алуға жасалып жатқан қадамдар. Осы істе қоғамның әр мүшесі үлкен үлес қоса алады. Өйткені өмір қауіпсіздігі өзімізден басталатыны хақ.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ