Қай заманда болмасын қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы заң мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Заң үстемдік құрған елде әділдік орнап, азаматтардың құқықтары қорғалады, қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң талаптарын құрметтеу – әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі.
Бүгінгі таңда елімізде заң үстемдігін нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Заң және тәртіп» қағидатын үнемі назарда ұстап, әділетті қоғам құрудың негізгі тетігі ретінде атап келеді. Өйткені заңға бағыну – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Ұйғыр аудандық филиалында «Заң және тәртіп» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Іс-шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен орталық тыңдаушылары қатысты. Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қатысушыларға қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен ақпарат берді. Әсіресе соңғы уақытта қоғамда өзекті болып отырған әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет алаяқтықпен күресу, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Қазіргі цифрлық дәуірде киберқылмыс түрлерінің көбейіп келе жатқаны белгілі. Осыған байланысты мамандар интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен алаяқтардың арбауына түспеу жолдары жөнінде пайдалы кеңестер берді. Қатысушыларға нақты мысалдар келтіріліп, құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызы түсіндірілді.
Кездесуде сөз алған мамандар заңды білу ғана емес, оны құрметтеу де маңызды екенін атап өтті. Өйткені әр адамның заң алдындағы жауапкершілігі қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың негізін қалайды. Өз құқықтарын білетін азамат өзгелердің де құқықтарын сыйлайды, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосады.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, құқық қорғау саласының мамандарынан нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу көпшілік үшін мазмұнды әрі пайдалы болды. Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға да ықпал етеді.
Құқықтық мемлекет құру – ұзақ әрі жауапты үдеріс. Ол әр азаматтың заңға деген құрметінен, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігінен басталады. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған осындай іс-шаралардың маңызы зор. Себебі заң мен тәртіп салтанат құрған жерде ғана тұрақтылық, даму және өркендеу болады.
Әділетті қоғам – әрбір азаматтың арманы. Ал сол қоғамның берік тірегі – заң мен тәртіп. Ендеше заң талаптарын сақтап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға баршамыз үлес қосайық.
Мейір Қырғызбекова,
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Ұйғыр аудандық филиалының меңгерушісі
