2008 жылы Марат Баққұлов көлемі небәрі 30 шаршы метр болатын гаражда желдеткіш жабдықтарын шығаратын шағын өндіріс ашқанда, оның бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы өнеркәсіптік желдету жүйелерінің ірі өндірушілерінің біріне айналатынын ешкім болжай алмаған еді.
Марат Баққұлов – ҚазБСҚА-ның (Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы) «Жылумен, газбен жабдықтау және желдету» мамандығы бойынша академия түлегі. Кәсіпкерлікке дейін ғылыми қызметпен айналысып, желдету аэродинамикасы пәнінен дәріс берді және инженер-зерттеуші болып жұмыс істеді. Алайда экономикалық қиын кезеңдерде жеке секторға ауысып, өз кәсібін бастау туралы шешім қабылдады.
Алғашқы тапсырыстар қол еңбегімен орындалды. Екі қызметкерден құралған шағын ұжым Алматы қаласындағы құрылыс нысандарына арналған желдету жүйелері мен өртке қарсы клапандар өндірді. 2008–2009 жылдардағы экономикалық дағдарыс компания үшін күтпеген мүмкіндіктерге жол ашты: импорттық жабдықтарды жеткізу ұзақ уақыт пен жоғары шығындарды талап етсе, жергілікті өнім әлдеқайда жылдам жеткізілетін. Нәтижесінде кәсіпорын алғашқы жылы шамамен 20 млн теңге табыс тапса, екінші жылы бұл көрсеткіш он есеге жуық өсті.
Кәсіпорынның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастық болды. Марат Баққұловтың айтуынша, ол қор қызметімен 2011 жылы, кәсіпорын әлі шағын өндіріс санатында болған кезде танысқан. Компания алғашқы өндірістік жабдықтарының бірін дәл осы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы лизингке алды. 2013 жылы алғашқы ірі өндірістік станок сатып алынып, инвестордың қолдауымен жеке зауыт салынды. 2015–2016 жылдары «Даму» қоры өндіріс көлемін ұлғайтуға және айналым қаражатын толықтыруға қолдау көрсетті. Ал 2021 жылы Алматы облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен кәсіпорын қосымша қаржыландыруға қол жеткізіп, өндірісті жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, нарықтағы позициясын нығайтты. Бүгінде компания басшылығы қордың отандық өндірісті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына алдағы уақытта да қатысуды жоспарлап отыр.

Бүгінде «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС (АЖЗ) – өндірістік алаңы шамамен 9 000 шаршы метрді құрайтын және 150-ден астам қызметкер еңбек ететін заманауи кәсіпорын. Зауыт орталық кондиционерлер, ауа алмасу қондырғылары, осьтік және радиалды желдеткіштер, өртке қарсы клапандар және басқа да инженерлік жүйелерді қоса алғанда, өнеркәсіптік желдету жабдықтарының кең түрін шығарады.
Компания Қазақстандағы азаматтық және өнеркәсіптік құрылыс саласының осы бағыттағы қажеттілігінің 70%-ға дейінгі бөлігін қамтамасыз етеді. АЖЗ өнімдері мұнай-газ, энергетика, химия, тамақ, фармацевтика және машина жасау салаларындағы кәсіпорындарда, сондай-ақ мектептерде, тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтарында қолданылады.
Кәсіпорынның ерекше мақтанышы – халықаралық деңгейдегі мойындалуы. АЖЗ ТМД елдері арасында америкалық ASME сертификатын алған жалғыз желдету жабдықтарын өндіруші болып табылады. Бұл сертификат компанияға әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-газ жобаларына өнім жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде кәсіпорын ТШО, NCOC, Қарашығанақ, CNPC және басқа да ірі өнеркәсіптік компаниялармен ынтымақтастық орнатқан.
2024 жылы Оңтүстік Кореяның Hi Air Korea компаниясымен бірлескен жоба іске қосылды. Жоба аясында Қазақстанда жоғары технологиялық өндірісті жергіліктендіру және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу көзделген.
Сонымен қатар зауыт өндірісті тұрақты түрде жаңғыртып келеді. Кәсіпорында роботтандырылған желілер, Modula автоматтандырылған қойма жүйесі және заманауи еуропалық жабдықтар енгізілген. Өндірісті жаңғыртуға салынған инвестиция көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрады.
АЖЗ тарихы – инженерлік білімнің, кәсіпкердің табандылығының және уақытылы көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын гараждық цехтың халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялық кәсіпорынға айналғанының жарқын үлгісі. Бүгінде компания өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарды игеруді жалғастыруда және «Даму» қорымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.
