Еліміздің келешегі – білімді жастардың қолында. Ал олардың жарқын болашағына жол ашатын негізгі сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Көпшілік ҰБТ-ны тек білімді анықтайтын құрал ғана емес, «өмірдің өлшемі» немесе «жұртқа өзіңді дәлелдеудің жалғыз жолы» деп қабылдайды.
Қазіргі таңда әр түлекті «ҰБТ-дан сүрініп кетсем, ата-анамды ұятқа қалдырамын ба? Үміттерін ақтай аламын ба?» деген сауал мазалайды. Бұл – қалыпты жағдай, бірақ ондай уайымға тым қатты беріліп кетуге болмайды. Өзімнің де басымнан өтіп жатқан бұл сынақ маған бір нәрсені түсіндірді. ҰБТ – өмірдің түйіні емес, сенің үлкен өмірге бастайтын жолыңдағы тек бір ғана аялдама.
Жоғары балл жинауға талпыну, біліміңді көрсету дұрыс. Бірақ нәтиже ойдағыдай болмай қалса, сағыңды сындырудың қажеті жоқ. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» – дейді дана халқымыз. Сондықтан тестілеу сенің дарыныңды, болашағыңды немесе адамдық болмысыңды анықтамайды.
Бір ғана тестке бүкіл өміріңді байлап қою – қателік. Сенің білімің, талпынысың және адамгершілігің ҰБТ парақшасындағы ұпайдан әлдеқайда жоғары.
Сондықтан мектеп бітуші түлектер бойларыңдағы үрейді жеңе біліңіздер. Бұл – тек бастамасы. Алда әлі талай белес, асу күтіп тұр. Өздеріңізге сеніңіздер, өйткені ҰБТ – бұл өмірдің сынағы емес, білімнің баспалдағы ғана.
Мерей Қарашбай
Іле ауданы
