Алматы облысында жастар саясатын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінде өңірде жастардың білім алуына, еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіп бастауына және әлеуметтік қолдау алуына арналған мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның арқасында жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың саны айтарлықтай азайған. Бұл жөнінде Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов ақпарат берді.
– Қазіргі таңда Алматы облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 432 664 жас тұрады. Бұл өңір халқының 28 пайызын құрайды. Оның ішінде 66 мыңнан астамы қалада, ал 366 мыңнан астамы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау мақсатында облыста 2 жоғары оқу орны мен 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2026 жылы бұл оқу орындарында 30 мыңнан астам студент білім алуда. Өңірдегі маңызды бағыттардың бірі – жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Бұл мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңында 26 074 адамды немесе жастардың 6,4 пайызын құраған NEET санатындағы жастар саны 2026 жылдың екінші тоқсанында 17 599 адамға дейін төмендеп, көрсеткіш 4,07 пайызды құрады. Бұл жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді. Жастарды еңбек нарығына тарту мақсатында облыста арнайы штаб құрылып, аудан-қалалардағы көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар «Есіктен есікке» акциясы арқылы жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыспен қамту мүмкіндіктері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 7 934 жас қамтылды. Оның ішінде Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы 1 483 жасқа жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды. Атап айтқанда, 341 жас жастар тәжірибесіне, 1 000 адам қоғамдық жұмыстарға, ал 142 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, – деді Мәди Абылайұлы.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына да ерекше қолдау көрсетілуде. Биыл әлеуметтік осал санаттағы 374 жасқа өз бизнесін бастау үшін 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру үшін 150 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолданған. Жұмыс орындарын көбейту мақсатында Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2026 жылға арналған өңірлік жұмыс орындарын құру картасы бекітілді.
Жастардың мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста «Жастарға ақпарат» жобасы іске қосылды. Жоба аясында QR-код арқылы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін 24 мың лифлет пен 7 мың ақпараттық флаер дайындалды. Онда жастар тәжірибесі, Enbek.kz платформасы, тегін кәсіптік білім алу, тұрғын үй мәселелері, буллингтің алдын алу, «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» және басқа да мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы мәліметтер қамтылған. Өңірде жастарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері де тұрақты өткізіліп келеді. Биылғы есепті кезеңде 243 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 4 365 жас қатысты. Нәтижесінде жастарға 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып, 684 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта ұйымдастырылған 32 «Jol tap» ашық есік күніне 4 мыңға жуық жас қатысып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды. Ал жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды қолдау үшін жүзеге асырылып жатқан мобильді «Express жәрмеңкесі» жобасы аясында жастар көп шоғырланатын орындарда кеңестер беріліп, 4 580 жас қамтылды. Бұдан бөлек, құқықтық, әлеуметтік және кәсіпкерлік мәселелер бойынша кеңес беретін «Кеңес орталығы» жобасы жұмыс істеуде. Жоба аясында аудан-қала деңгейінде 6 840 жасқа заңды жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетілген. Жастардың маусымдық жұмыспен қамтылуына бағытталған «Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдарламасы да өз жалғасын табуда. Биыл бұл мақсатқа 150 миллион теңге бөлініп, 1 000 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы аясында шығармашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік бастамаларды дамытуға арналған 10 грант беріледі. Әр гранттың көлемі – 1 миллион теңге.
Қазіргі таңда жастарға мүмкіндік жасау – болашақтың іргесін қалау деген сөз. Алматы облысында қолға алынған кешенді жобалар мен мемлекеттік қолдау тетіктері жас буынның білім алып, еңбекке араласып, өз кәсібін бастауына нақты жол ашып келеді. Бұл бастамалардың тиімді жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ


