Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай жариялаған Үндеуі – ел болашағына деген сенім мен жауапкершілікке үндейтін маңызды саяси құжат. Президент атап өткендей, жаңа Конституцияның қабылдануы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл – тек құқықтық құжаттың жаңаруы ғана емес, мемлекет пен қоғамның жаңа даму бағытын айқындайтын тарихи қадам.
Әсіресе, Конституция күнінің енді «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтуінің мәні ерекше деп санаймын. Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың мерекесі болса, Конституция – елдегі тұрақтылық пен әділеттіліктің, заң үстемдігінің берік тұғыры. Осы екі құндылықтың тоғысуы халқымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Президент Үндеуінде Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сияқты құндылықтарды қоғамда орнықтыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл қағидаттар ең алдымен отбасында қалыптасады. Әрбір бала заңды құрметтеуді, еңбекке адал болуды, туған жері мен табиғатын аялауды ата-анасының тәрбиесінен үйренеді. Сондықтан отбасы институтын нығайту – Әділетті Қазақстан құрудың басты алғышарттарының бірі.
Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне қоғамның назарын аудару. Бүгінгі таңда ел болашағы саналатын жастардың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының Үндеуінде көтерілген бастамалар әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алады деп сенемін.
Роза Исатаева,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы


