Балқаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Интернет алаяқтардан қалай қорғанамыз?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – интернет желісі арқылы іске асатын алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану барысында туындайтын қауіптердің алдын алу болды.
Дөңгелек үстелге Бақанас ауылдық округінің әкімі Эльмира Байқуатова, Балқаш ауданыдық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Шәкәрім Әбдібеков, сондай-ақ мекеме-бөлім басшылары және тұрғындар қатысты.
Жиын барысында соңғы уақытта кеңінен тарала бастаған интернет алаяқтықтың түрлі тәсілдері сөз болды. Атап айтқанда, жалған қоңыраулар мен хабарламалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, банктік карта деректерін заңсыз иемдену, фишингтік сайттар, онлайн несие рәсімдеуге байланысты құқық бұзушылықтар жөнінде кеңінен сөз қозғалды.
Кездесу барысында құқық қорғау органының өкілі азаматтардың жеке және банктік деректерін үшінші тұлғаларға бермеудің, күмәнді сілтемелерге өтпеудің, белгісіз нөмірлерден келіп түскен хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қараудың, сондай-ақ тек ресми интернет-ресурстарды пайдаланудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, келелі кездесуде халыққа интернет алаяқтардың арбауына түскен жағдайда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, профилактикалық кездесулердің санын арттыру, жастар мен егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеу үшін мұндай дөңгелек үстелдің, кез келген профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор. Балқаш өңірінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаспақ.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы


