Алатау қаласының прокуратурасы ғимаратында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты маңызды кездесу өтіп, онда Ата Заңның қоғам өміріндегі орны мен ел дамуына әсері кеңінен талқыланды. Іс-шараға Алатау қаласының прокуроры Раев Айдын Разбекұлы, Алатау қаласы әкімінің орынбасары Несіпбаева Гүлбану Сейткенқызы, Алатау қаласы полиция бөлімінің басшысы Нұржан Кеңесханұлы,, сондай-ақ құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін жаңғыртудағы тарихи қадам екені атап өтілді. Жаңа редакциядағы Ата Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғаны айтылды.
Алатау қаласының прокуроры Айдын Разбекұлы өз сөзінде Конституцияның үстемдігі – құқықтық мемлекеттің басты қағидаты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция заң үстемдігін нығайтып, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ құқық қорғау саласында азаматтардың заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және әділетті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жаңа талаптарға сай жалғасатынын жеткізді.
Жиында ерекше назар Алатау қаласына қатысты жаңа заңнамалық бастамаларға аударылды. Қатысушылар жаңа Конституция аясында Алатау қаласының даму болашағы, басқару тетіктері, құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Конституциялық реформалар өңірлердің дербестігін күшейтіп, жергілікті басқару сапасын арттыруға, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін жақсартуға жаңа мүмкіндіктер беретіні айтылды.

Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейткенқызы өз сөзінде жаңа Конституцияның елдің ғана емес, жаңадан дамып келе жатқан Алатау қаласының болашағы үшін де ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ата Заңда көзделген өзгерістер қала инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және жаңа бастамаларды заң аясында тиімді жүзеге асыруға негіз болады.
Полиция бөлімінің басшысы Нұржан Кеңесханұлы өз кезегінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Конституция талаптарын сақтау – басты міндеттердің бірі екенін айтты. Ол құқық қорғау органдары үшін заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар Ата Заңда айқындалған қағидаттарды халыққа кеңінен түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын күшейту қажеттігі сөз болды.
Алатау қаласының прокуратурасында өткен бұл жиын жаңа Конституцияны насихаттау мен оның мән-маңызын түсіндіру бағытындағы маңызды шаралардың бірі болды. Жаңа Ата Заңның ел болашағына, соның ішінде Алатау қаласының өсіп-өркендеуіне, құқықтық және әлеуметтік дамуына тың серпін беретіні атап өтілді.


