Елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың басты мақсаты – тұрақты өсімге негізделген, бәсекеге қабілетті және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа экономикалық модельді қалыптастыру. Бұл бағыттағы өзгерістер кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, өңірлердің әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістер ашуға және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге жол ашады.
Жаңа экономикалық модельдің өзегі – өндірісті дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беру арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Экономиканың сапалы дамуы адам капиталымен де тығыз байланысты. Білікті мамандар даярлау, инновацияны қолдау және еңбек өнімділігін арттыру – еліміздің ұзақ мерзімді өркендеуінің басты кепілі. Сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенімнің нығаюы кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, инвестициялық белсенділікті арттырады.
Президент бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар елдің экономикалық жаңғыруына да жаңа серпін берді. Жаңартылған Конституцияда әділдік, заң үстемдігі, ашықтық және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қағидаттарының нығаюы инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнестің тұрақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға негіз болды. Бұл өзгерістер мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді арттырып, экономиканың жаңа моделін тиімді іске асыруға берік құқықтық негіз қалап отыр.
Жаңа Конституция азаматтардың экономикалық бастамаларын жүзеге асыруға және кәсіпкерлікті дамытуға кең мүмкіндіктер ашты. Заң үстемдігі мен мемлекеттік басқарудағы ашықтық қағидаттарының нығаюы кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуына, әділ бәсекелестік ортаның қалыптасуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына оң әсер етуде. Бұл өз кезегінде экономиканың орнықты дамуына, жаңа өндірістердің іске қосылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Сыдық Дәулетов,
«Дәулет-Бекет» шаруа қожалығының басшысы
Іле ауданы


