Перейти к содержимому
Главная страница » САЛАЛАР ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

САЛАЛАР ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, архитектура және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша және индустриялық-инновациялық, кіші және орта бизнесті, туризмді дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Комиссия отырысында құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев пен білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Маралбаева білім беру нысандарының құрылысы, оның ішінде күрделі жөндеу жүргізу барысы жайлы хабардар етті. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, биыл 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 2 нысанның құрылысы аяқталған, 13 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Күрделі жөндеу бойынша 16 жобаға конкурс жарияланып, рәсімдер жүргізілуде. Облыстық бюджеттік комиссия қарауына сараптаманың оң қорытындысы алынған 9 мектептің күрделі жөндеуіне қаражат бөлу үшін ұсыныс беріледі.
Айгүл Кәркенқызының мәліметіне сүйенсек, 2025-2027 жылдары 91 мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажеттілігі анықталған. 2025 жылға жоба-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысы бар 20 мектеп енгізілген. 14 мектепке жергілікті бюджет есебінен, 6 білім ошағына мектепке «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы қаражат бөлінген. Аталған 20 мектептің 11-нің жөндеу жұмысы биыл жалғасуда. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан 7 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қосымша қаржы бөлу туралы өтінім облыстық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау таппаған.
Келесі кезекте сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев пен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева медициналық мекемелер құрылысы жайында баяндады. Жасұлан Оңалбаев биыл 4 нысанның құрылысына қаражат бөлінгенін, Денсаулық сақтау министрлігіне 2026 – 2028 жылдарға арналған бюджеттік өтінім жолданғанын тілге тиек етті. Лейла Пернебайқызы денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту шеңберінде Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының ғимаратына сейсмикалық күшейту бойынша күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын, екі кезең бойынша іске асырылатын жобаның мердігері болып «AS Karasay» ЖШС айқындалғанын айты. Екінші кезеңдегі жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау үшін қосымша қаржыландыру қажеттігін қаперге салды. Сонымен қатар Қарасай көпбейінді орталық аудандық ауруханасының «AK Construction Company» ЖШС-мен шарт жасалғанын, жұмысты бастау үшін аванстық төлем жүргізілгенін, құрылыс-монтаждың орындалу деңгейі 20%-ды құрайтынын мәлімдеді.
Одан әрі жалғасқан комиссиялардың бірлескен отырысында туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын әңгіме арқауына айналдырды. Баяндамашының айтуынша, «Фридом Холдинг» компаниясының қолдауымен Қонаев қаласының №5 жағажайында ұзындығы 1 шақырым аумақта абаттандыру жұмысы жүргізілген. «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясының бағдарламасы аясында №5 жағажай Қазақстандағы үздік жағажайлардың бірі атанған. Бүгінде жергілікті бюджет есебінен қалалық №6 және №7 коммуналдық жағажайлардың құрылысы және абаттандыру жұмысы аяқталған. Көлік инфрақұрылымын жаңарту мақсатында 2025 жылы «Көшпенділер қаласына» дейінгі 6,8 шақырым, «ASP-Arena» туристік кешеніне дейінгі 2,2 шақырым жол салынған. Биыл туристердің көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 9,9 шақырым жолды күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. «Ой-қарағай» туристік кешеніне дейін 5,9 шақырым газ құбырын тарту жұмысы жүргізілген. «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Райымбек ауданындағы «Тас төбе» жотасы мен «Тұзкөл» көлінде абаттандыру жұмысын жүргізу жоспарлануда. «Көшпенділер қаласына» дейін жол салынғанымен, оның ішкі көрінісі көңіл көншітпейтінін айтқан депутаттарға басқарма басшысы қазіргі кезде қаланың теңгеріміне берілген аталған нысанның кезінде кино түсіру үшін уақытша жасалғанын, бүгінде пайдалану мерзімі өткенін, әрі қарай қолдануға жарамсыз екенін алға тартты. Егер оны бұзған жағдайда халықтың наразы болуы мүмкін екенін ескеріп, дәл сондай нысанды жанынан жаңадан салу жоспарда бар екенін, сол үшін инвестор іздестіріліп жатқанын айтты.
Туризм басқармасы басшысының және одан кейінгі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалы директорының орынбасарының баяндамалары комиссия мүшелері тарапынан назарға алынып, айқындалған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ