Перейти к содержимому
Главная страница » Талғарда өрт сөндіру бөлімі ашылды

Талғарда өрт сөндіру бөлімі ашылды

Елімізде халықтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қай кезде де маңызды басымдықтардың қатарындағы мәселе. Әсіресе шілденің 40 градустан асатын шіліңгір ыстығында бұл өте өзекті. Осы тұрғыда Талғар қаласында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылуы тұрғындар үшін жайдарман жаңалық болды. Енді аудан орталығында тұратын 70 мыңға жуық адамның ұйқысы тыныш, көңілі жай болады деуге негіз бар. Заманауи нысан тіпті Алматыдай алып мегаполистің де біраз аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы.
Аудан орталығының жоғарғы жағында орналасқан №17 өрт сөндіру депосының ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков қатысты.
Салтанатты шараны ашқан Шыңғыс Әрінов жаңа нысанның Талғар өңірінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын айрықша атап өтті.
– Талғар халқының саны жыл сайын өсіп келеді, бүгінде оның саны 70 мыңға жуық адамды құрайды. Осы орайда сапалы жабдықталған өрт сөндіру депосын ашу қажеттілігі туды.
Бұл депоның ашылуы өрт сөндіру жасақтарының оқиға орнына келу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – өте маңызды фактор, өйткені отпен күресте әр секунд есепте тұр. Бұдан басқа, тұрғын үй алаптарына да, инфрақұрылым нысандарына да қызмет көрсетудің оңтайлы радиусын қамтамасыз ету үшін депоның орналасу орнын сарапшылар мұқият ойластырды. Осылайша «Қазселденқорғау» ескі ғимаратының орнында заманауи үлгіде салынған жаңа депо бой көтерді.
Жаңа депо Мемлекет басшысының тапсырмасы, сондай-ақ ТЖ министрлігінің бастамасы және Алматы облысы әкімінің қолдауымен салынды. Жақында осындай нысан Кеген ауданында ашылды, жоспар бойынша енді Шелек ауылында ашылатын болады. Осындай жаңа нысандар алдағы уақытта Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында кезең-кезеңімен ашылатын болады.


Сонымен қатар, біздің ведомство ауылдағы нысандардың қауіпсіздігіне қатысты көп жұмыс атқарып жатқанын атап өткім келеді. Атап айтқанда, МТБ, техника жаңғыртылуда, жаңа нысандар іске қосылуда, өрт сөндіру деполары салынуда, әмбебап-құтқару жасақтары мен бөлімдері құрылуда, жаңа киім-кешектер сатып алынуда. Жалпы аумағы 1,5 гектар жерді алып жатқан бүгінгі депо тез салынатын және кеңейтілетін конструкциямен қазіргі заманғы модульдік технология бойынша салынған, байланыс пен диспетчерлендірудің қазіргі заманғы жүйелерімен жарақтандырылған. Уақыт талаптарына толық сай. Мұнда демалу, киім ауыстыру және персоналды даярлау бөлмелері бар. Депоның 18 адамнан тұратын кадрлық құрамы күні-түні өзінің жауынгерлік қызметін атқаратын болады. Бұдан басқа, олардың қарамағында 4 бірлік өртке қарсы машиналар мен жылдам әрекет ету машинасы саналатын «Toyota Hilux» маркалы жаңа буын автокөлігі бар. Ғимараттың құрылысы алдыңғы қатарлы стандарттарды ескере отырып жүргізілді. Мамандандырылған автомобильдерге арналған кең бокстар, жөндеу шеберханалары, жеке құрамның біліктілігін арттыруға арналған оқу сыныптары, киім ауыстыратын кең бөлмелер, себезгі, демалыс бөлмелері, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға арналған бөлмелер, соңғы техника бойынша жабдықталған радиобайланыс пункті – осының барлығы барынша жедел және үйлесімді жұмыс үшін жасалған. Құтқарушылардың өздеріне қамқорлық көрсету де өте маңызды. Жалпы жаңа депода мүлтіксіз қызмет ету үшін барлық жағдайлар қарастырылған.
Жаңа депоның тағы бір ерекшелігі – мұнда қызмет ететін 4 қызметкердің пәтерлері ғимаратқа іргелес орналасқан. Сондай-ақ жаңа нысан Талғар қаласы және жақын маңдағы елдімекендердің өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі негізгі буын болатынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге бұл өрт сөндіру бөлімі әлеуметтік нысандар ғана емес, халықтың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын болады, – деген
министр депо құрылысына еңбек сіңірген қызметкерлерге марапаттар тапсырды. Сондай-ақ ол «Toyota Hilux» және «Камаз» АЦ-5-40 жаңа автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Ең қуаныштысы – Шыңғыс Әрінов №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Бекәділ Қамалбековке, Жарас Хасенге, Аркен Әлімғожаевқа, Азамат Солтанғалиге пәтер кілттерін берді. Ал жаңа депоның кілтін аға лейтенант Ришат Рахимов салтанатты түрде қабылдап алды.


Талғар тұрғындарын салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те құттықтады.
– Құрметті өрт сөндірушілер, құрметті тұрғындар! Барлықтарыңызды Талғарда №17 өрт сөндіру бөлімінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл заманауи депо өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашады. Бұл – өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын айғағы. Нысанның стратегиялық маңызы өте зор. Осыған байланысты республикалық бюджеттен бөлінген 345 миллион теңгеге салынған жаңа бөлімше 65 мыңнан астам халқы бар Талғар қаласының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Жаңа бөлімнің жұмысы кез келген төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және тұрғындардың өмірі мен мүлкін тілсіз жаудан уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Шұғыл көмек қызметі – мемлекетіміздің мықты қалқаны, ал құтқарушылар – еліміздің бейбіт күндегі нағыз батырлары. Өрт сөндіруші мамандығы тек кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар үлкен ерлікті және Отанға шексіз адалдықты талап етеді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде құтқарушыларымыз үшін ең қолайлы жағдайлар жасау, оларды заманауи жабдықтармен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осыған байланысты материалдық-техникалық базаны нығайту жұмысы бір ауданмен шектелмейтінін атап өткен жөн. Тек биыл ғана Нарынқол және Кеген ауылдарында, сондай-ақ Талғар ауданының Жаңалық және Нұра ауылдарында заманауи модульдік өрт сөндіру стансаларының құрылысы табысты аяқталып, пайдалануға берілді. Осының бәрі – бейбіт өмір мен адамдардың қауіпсіздігі үшін қабылданып жатқан нақты қадамдар, – деді Марат Елеусізұлы.
Сондай-ақ ол өртке қарсы ведомствоның ең үздік қызметкерлеріне көлік кілттері мен Алғыс хаттарды табыс етті.
Шара барысында сөз алған Кеңдала ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев ағалық батасын берді.
Осылай, жаңа өрт сөндіру депосы салтанатты түрде ашылып, тәулік бойы үзілмейтін төтенше қызметіне кірісті. Ұлттық дәстүрімізге сай, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Шара соңында мәртебелі меймандар мен барлық қатысушылар депо ішін аралап көрді.
Айта кетер болсақ, жаңа депо 100 күнде салынды, бұл – 3,5 ай. Жобаның жалпы құны шамамен 350 млн теңгені құрады. Бас мердігер – «ДДК-К» ЖШҚ. Құрылыс республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы