Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Рухани кеш аясында «ETNO FASHION – 2026» этносән қойылымы ұйымдастырылып, кейін өнегелі ана Злипа Болысбайқызының жеке заттары музей қорына салтанатты түрде табысталды.
Этносән қойылымының басты мақсаты – ата-баба мұрасын жаңа заманның тынысымен үндестіре отырып, ұлттық киім үлгілерін заманауи бағытта қайта таныту, жастардың ұлттық болмыс пен сәнге деген қызығушылығын арттыру. Кеш барысында дизайнер, Алматы облысының қолөнер шебері, «Зар-Ата» брендінің негізін қалаушы, халықаралық «Kazakhstan Fashion Week – 2026» сән-көрме дипломанты Ләззат Исаханова көпшілік назарына ұлттық нақыштағы жаңа топтамасын ұсынды. Халықаралық сән көрмелерінің бірнеше мәрте дипломанты саналатын шебердің туындыларынан қазақы өрнек пен заманауи сән үрдісінің үйлесімі айқын көрінді.
Сән көрсетілімі барысында ұлттық рухты жаңаша өрнекпен дәріптеген киім үлгілері көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен төл өнері кеңінен насихатталды. Ұлттық киім мәдениетін жаңғыртуға бағытталған шара дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын паш етіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Мәдени іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Бақыт Шпекбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова, Қонаев университетінің ректоры Өмірәлі Жалайыри бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Рухани мазмұнға толы кеш өнегелі ғұмыр иесі Злипа Болысбайқызының жеке жәдігерлерін музейге табыстау рәсімімен жалғасты. Шара барысында Злипа ананың өмір жолы мен тағылымды тәрбиесі туралы кеңінен айтылып, оның отбасы құндылықтарын дәріптеудегі және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі еңбегі ерекше атап өтілді.
1930 жылы Балқаш ауданы Көкжиде ауылында дүниеге келген Злипа ана саналы ғұмырын отбасы мен ел игілігіне арнады. Өмірлік серігі Нұртай Өксікбайұлымен бірге өнегелі әулеттің негізін қалап, он перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларының бойына адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңірген ардақты ана тағдырдың талай сынын еңсеріп, ұрпағына өшпес өнеге қалдырды. Оның тәрбие мектебінен ел игілігіне қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер, білім мен ғылым саласының мамандары, басшылар мен қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Солардың бірі Омархан Өксікбаев экономика ғылымдарының докторы, 10 жылдай еліміздегі республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 5-6-шақырылым депутаты, Алматы облысының Құрметті азаматы болған.
Злипа ананың жеке тұтынған заттары, фотосуреттері және отбасы бұйымдары музей қорына табысталып, құнды жәдігерлермен толықтырылды. Бұл шара бір әулеттің тарихын ғана емес, қазақ аналарының қоғамдағы рөлі мен тәрбиелік мұрасын дәріптейтін тағылымды рухани кеңістік ретінде көпшілік назарына ұсынылды.
Ұлттық сән мен ұлттық тәрбиені ұштастырған мазмұнды шаралар легі «Анаға құрмет» музейінің рухани-мәдени бағыттағы жұмысының маңызды бөлігіне айналып, келушілерге қазақ халқының бай мұрасы мен асыл құндылықтарын тереңірек танытуға мүмкіндік берді.
Аяжан Қайратқызы,
«Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі
Қарасай ауданы


