Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық спорт – ұлт құндылығы

Ұлттық спорт – ұлт құндылығы

Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылдық округінің көкпар алаңында ұлттық спорт түрлері – аударыспақ пен теңге ілуден Алматы облысы­ның іріктеу турнирі өтті. Ұлттың рухын асқақтатып, деле­бесін қоздырған дүбірлі додаға облыс­тың әр өңірінен келген үздік спортшылар қатысып, тар­тысты бәсеке көрсетті. Ал қатар­­ластарынан оқ бойы озық шыққан шабандоздар Қазақстан чемпионатына жолдама алды.

Үш күнге созылған турнирде ат құлағында ойнаған мықтылар өнер көрсетіп, ептілік, қырағылық, қайсарлық пен шеберлігін шыңдай түсті.
Тілін тауып, тұлпарды тізгіндей білген жігері қылыш, білегі құрыш балуандар аударыспақтан жасөспірімдер арасында Алматы облысының іріктеу чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Аударыспақ жарысына 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Ат үстінде өтетін бұл дәстүрлі жекпе-жек – ұлттық спорттың ең күрделі түрлерінің бірі. Себебі спортшыға тек қара күш пен күрес тәсілдерін меңгеру ғана емес, тақымдаған тұлпарын дегеніне көндіріп, онымен бірге қимылдау керек. Жарыс 42 келіден 82+ келіге дейін тоғыз салмақ дәрежесі бойынша өтті. Төрт минутқа созылған белдесулер нәтижесінде облыстың үздік жас балуандары анықталды. 48, 54 және 59 кг салмақта Еңбекшіқазақ ауданының балуандары Балғынбай Дәулетбай мен Заманбек Серікәліұлы және Мәди Ақатай 1-орын иеленсе, 65 пен 71 кг салмақта Талғар ауданының спортшылары Жасұлан Бақтыбай мен Әділет Қанат қатарластарынан күштірек екенін көрсетті. Сондай-ақ 77 кг мен 82 кг + ауыр салмақта жерлестеріміз Әлихан Серік пен Нәсіл Жанболат аударыспақ шеберлері екенін танытты.
«Жасөспірімдер арасында республи­калық деңгейде үздік бестік қатарынан берік орын алып жүрміз. Бұл спорт түріне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Себебі аударыспақ – өте тартымды әрі ерекше ұлттық спорт. Облыстық чемпионаттар – спорттық резервті қалыптастырудағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Осындай жарыстарда болашағынан зор үміт күттіретін спорт­шылар анықталып, облыс құрамасы жасақталады. Сонымен қатар жас шабандоздардың шеберлігі шыңдалып, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ат спорты дәстүрлі жалғасын табады», – дейді Алматы облысының аударыспақтан бас жаттықтырушысы Тұрар Мұратұлы.
Алыстан екпіндете шауып келіп, аттың шабысын бәсеңдетпей, сөреден мәреге дейін жердегі теңгені еңкейіп, ептілікпен іліп алу дайындық пен шеберлікті қажет етері сөзсіз. Жастар арасында теңге ілуден Алматы облысының іріктеу чемпионатында осынау шеберлігімен, әрі көз ілестірмес жылдамдығымен топ жарған Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары үш жарыста да үздік нәтиже көрсетті. Махамбет Хатран «Бес белесте», «Қос құлашта» Алқар Еркінтай, «Алтын тұяқта» Ерасыл Ділмұратұлы 1-орын иеленді.
«Алматы облысында бәсекелестік деңгейі әрдайым жоғары. Сондықтан облыстық чемпионат шын мәнінде ең мықты спортшыларды анықтайтын дода болып саналады. Бүгінде Қазақстан құрамасының көшін бастап жүрген көптеген спортшы дәл осындай жарыс­тардан шыңдалған. Біздің мақсатымыз – ұлттық спорт мектептерінің жоғары деңгейін сақтай отырып, лайықты ізбасарларды тәрбиелеу», – деген Алматы облысының теңге ілуден аға жаттықтырушысы Кенже Жанбота спортшылардың облыстық іріктеу турниріне жоғары дайындықпен келгенін айтты.
Еңбекшіқазақтық спортшылардың дайындығы жоғары болғаны жасөс­пірімдер арасындағы жарыста да байқал­ды. Мұнда да жерлестеріміз қатарлас­тарынан оқ бойы озық болды. «Бес белес» бойынша Нұрболсын Сансызбай, «Қос құлашта» Мұхаметәлі Сабаз, «Алтын тұяқ» бойынша теңге ілуден Ерасыл Нұрәлі 1-орын алды. Қазақтың ұлттық ойыны теңге ілу көрші Ұйғыр ауданында да жақсы дамып жатқанын әр кезең сайын үздіктермен үзеңгілес келген спортшылардың біліктілігінен көрінді.
Сайысқа 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер мен 2006-2008 жылы туған жастар қатысты. Қазақстан Республикасының чемпионатында өңір намысын қорғайтын спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінеріне кәміл сенеміз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы