Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында 30 мыңнан астам тұрғын бар. Кезінде қала типтес етіп салынған бұл елдімекенде көпқабатты тұрғын үйлер көптеп саналады. Халық көп шоғырланған осындай жерлерде айналаның таза болуы аса маңызды. Заң мен тәртіп сақталған жағдайда бұл мәселе де оң шешімін табатыны анық. Осы мақсатта Қарғалы ауылының әкімі Қуаныш Нәметов көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, санитарлық жағдайға бақылау жүргізді.
Жауапты мамандармен бірге тексеру барысында аулаларда жиналған қоқыстарды тазарту және аумақты ретке келтіру бойынша коммуналдық қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар ауыл әкімінің тұрақты бақылауында болады. Сонымен қатар, Қарғалы ауылдық округі әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын сенбіліктерге белсенді қатысуға, өз аулалары мен оған іргелес аумақтардың тазалығы мен тәртібін ұдайы сақтауға шақырады. Өйткені таза әрі көрікті ауыл – әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Ауылдың тазалығын көпшілік болып бірге сақтау – жайлы өмір сүрудің кепілі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы


