Перейти к содержимому
Главная страница » «АСАУ–2026»: Батылдық пен әскери шеберлікті ұштастырған ерекше жоба

«АСАУ–2026»: Батылдық пен әскери шеберлікті ұштастырған ерекше жоба

Қонаев гарнизонының әскери прокуратурасының бастамасымен және Қазақстан Республикасы «АСАУ–2026» әскери-қолданбалы жобасының алғашқы кезеңі жоғары деңгейде өтті.

Жобаның басты мақсаты – әскери қызметшілердің жауынгерлік және дене даярлығын жетілдіру, кәсіби шеберлігін шыңдау, әскери бөлімдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ әскери қызметтің беделін арттыру мен жастар арасында салауатты өмір салтын және патриоттық құндылықтарды насихаттау.

Жарысқа Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінен іріктелген үздік әскери қызметшілер қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 және 3660 әскери бөлімдері, сондай-ақ 26363, 54174, 32363, 53975, 62064, 58012 және 68476 әскери бөлімдерінің сарбаздары өзара бақ сынады. Қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша күш-жігерін, төзімділігін, мергендігін және кәсіби дайындық деңгейін көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында қатысушылар арнайы автобуспен сайыс алаңына келіп, салтанатты түрде қарсы алынды. Іс-шараға әскери бөлімдердің командирлері, офицерлер, сержанттар, құрметті қонақтар, танымал спортшылар мен жанкүйерлер қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген жобаның авторы – Қонаев гарнизоны прокурорының орынбасары, әділет майоры Зұлқашев Қуаныш Әлиұлы «АСАУ–2026» жобасының маңыздылығына тоқталды. Ол бұл бастама әскери қызметшілердің кәсіби және жауынгерлік даярлығын арттыруға, олардың физикалық және моральдық-психологиялық төзімділігін нығайтуға, сондай-ақ әскери ұжымдар арасындағы өзара тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай жобалар жастарды әскери қызметке ынталандырып, Отанға адал қызмет ету рухын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

Жарыстың алғашқы кезеңі бірнеше күрделі сынақтан тұрды. Алдымен қатысушылар 50 метр қашықтықты барынша жылдам жүгіріп өтіп, садақ ату кезеңіне келді. Бұл сынақта әр сарбазға үш жебе беріліп, 10 метр қашықтықтағы нысанаға дәл тигізу тапсырылды. Нысанаға дәл тиген әрбір жебе қатысушының жалпы нәтижесін жақсартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде әскери қызметшілер пышақ лақтырудан сынға түсті. Үш метр қашықтықтағы нысанаға үш пышақ лақтырылып, дәлдік пен мергендік бағаланды. Әрбір дәл тимеген пышақ үшін қатысушының нәтижесіне айып уақыты қосылды.

Одан кейін сарбаздар төрт метрлік арқанға өрмелеп, күш-қайраты мен төзімділігін дәлелдеді. Соңғы кезеңде қолмен өрмелеу жолағынан өтіп, мәреге жеткен қатысушылардың жалпы уақыты есептелді. Осылайша, барлық сынақтардың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар келесі кезеңге жолдама алды.

Жарыс барысында құрметті қонақтар мен танымал спортшылар қатысушылардың дайындығына жоғары баға беріп, әскери-қолданбалы спорт түрлерінің жауынгерлік қабілетті арттырудағы ерекше маңызын атап өтті. Ал қатысушылар өз кезегінде садақ ату мен пышақ лақтыру кезеңдерінің аса жауапты әрі күрделі болғанын айтып, әрбір сынақтың олардың төзімділігі мен кәсіби дайындығын шыңдауға мүмкіндік бергенін жеткізді.

«АСАУ–2026» – бұл жай ғана жарыс емес. Бұл – әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтып, кәсіби шеберлігін жетілдіретін, бөлімдер арасындағы бірлік пен салауатты бәсекелестікті қалыптастыратын маңызды жоба. Алдағы кезеңдерде де қатысушыларды жаңа сынақтар мен тартысты бәсекелер күтіп тұр.

Мақаланы дайындаған:
Қонаев гарнизоны прокурорының орынбасары, әділет майоры
Зұлқашев Қуаныш Әлиұлы.