Алматы облысында 280 орынды Мәдениет үйі мен бір күнде 500 адамды қабылдайтын аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін Марат Сұлтанғазиев аталған нысандарға арнайы барып, жұмыс барысын тексерді.
Іле ауданы Боралдай кентінде салынып жатқан Мәдениет үйінің жалпы аумағы – 1 950,63 шаршы метр. Нысан екі қабаттан тұрады. Ғимарат қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу мәселесі қаралуда.
Бүгінде 60 мыңнан астам тұрғыны бар Боралдай кентінде осы уақытқа дейін мәдениет үйі болмаған. Сондықтан жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени өміріне серпін беріп, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек.
«Қаржыландыру мәселесіне қатысты әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Ал мердігер мекеме жұмысты тоқтатпай, ғимаратты белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс», – деді Марат Елеусізұлы.
Өңір басшысы Қаскелең қаласындағы аудандық көпбейінді аурухананың күрделі жөндеу барысымен де танысты. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның бүгінде 80 пайызы дайын. Жоспарға сәйкес, 1 қазанға дейін емхана мен қосалқы ғимараттар пайдалануға берілсе, 1 желтоқсанға дейін стационардың негізгі корпусы толық аяқталады.
Емханада бір аусымда 500 адамға көмек көрсетіледі. Ал стационар 600-ден астам төсек-орынға шақталған. Құрылыс барысында инженерлік-коммуникациялық желілер толық жаңартылды. Сондай-ақ операциялық бөлімше де санитарлық талаптарға сай келетіндей жабдықталуда.
Облыс әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер ұйымға барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды міндеттеді. Жаңғыртылған аурухана іске қосылған соң Қарасай ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады.


