Алматы облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтіп, оған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қатысты. Отырыс облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаевтың төрағалығымен өтіп, онда ұсталған көлік құралдарын эвакуациялаудың жаңа қағидалары, «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын беру тәртібіне енгізілген өзгерістер және йод тапшылығының алдын алу мәселелері қаралды.
Сессия барысында сөз алған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісованың айтуынша, Алматы облысы табиғи йод тапшылығы сақталған өңірлердің қатарына жатады. Қазіргі таңда йод жетіспеушілігіне байланысты қалқанша безі ауруларымен ауыратын бір жарым мыңнан астам тұрғын дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Дегенмен, көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде йод тапшылығына байланысты сырқаттар саны біртіндеп азайып келеді. Бүгінде басты назар осындай аурулардың алдын алуға бағытталған.
– Йод тапшылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе болып қала береді. Адам ағзасы йодты өздігінен өндірмейтіндіктен, ол тағам арқылы түсуі тиіс. Осыған байланысты Қазақстанда ас тұзын міндетті түрде йодтау туралы шешім қабылданған. Қазіргі негізгі міндетіміз – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап, профилактикалық жұмыстарды жалғастыру және халыққа дұрыс тамақтанудың маңызын түсіндіру, – деді Гүлнар Жүнісова.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – ұсталған көлік құралдары мен шағын көлемді кемелерді жеткізу, есепке алу және уақытша сақтау қағидаларын бекіту болды. Құжат көлік құралдарын эвакуациялау, оларды арнайы тұрақтарға орналастыру және иелеріне қайтарудың бірыңғай тәртібін айқындайды.
Жобаны талқылау кезінде депутаттар көлік құралдарын сақтау жағдайына, қолданыстағы тарифтерге және меншік иелері көтеретін шығындарға қатысты мәселелерге ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, құжаттың кейбір ережелері әлі де қосымша пысықтауды қажет етеді. Депутаттар жаңа қағидалар заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, мүлік иелерінің де мүдделерін ескеруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ халық қалаулылары «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларының жаңа редакциясын бекітті. Құжат қолданыстағы тәртіпті республикалық талаптарға сәйкестендіреді. Атап айтқанда, кандидаттардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі алынып тасталып, атақ беру өлшемшарттары мен марапатты табыстау тәртібі нақтыланды. Бұл атақ екі жылда бір рет берілетін болады, ал өңірдің мерейтойлық даталарында қосымша бірнеше үміткерге табысталады.
Отырысты қорытындылаған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қаралған барлық мәселені дәйекті түрде іске асырудың маңызын атап өтті.
– Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бейінді басқармалар мен мәслихаттың тұрақты комиссияларында алдын ала жан-жақты қаралғандықтан, бүгінгі талқылау мазмұнды әрі сындарлы өтті. Қабылданған шешімдер атқарушы органдар мен депутаттық корпустың алдағы жұмысына негіз болады, – деді ол.
Сессия қорытындысы бойынша депутаттар күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелерді бірауыздан қолдады.
Алма ЕСЕНБАЙ


