Іле ауданында «Әділет» партиясының сайлауалды штабының мүшелері мен жақтастары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық акция ұйымдастырды. Шараға 100-ге жуық азамат қатысып, нәтижесінде 5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналды.
Акция барысында қатысушылар қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазалап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру.
Штаб мүшелерінің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында табиғатты қорғау, су мен жер ресурстарын ұтымды пайдалану, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызы ерекше. Айта кетейік, осындай экологиялық акциялар алдағы уақытта да өңірдің басқа елді мекендерінде жалғасады.

