Тіл – ұлттың рухани өзегі, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігінің айқын белгісі. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту, оның этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі беделін арттыру – бүгінгі мемлекеттік тіл саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта өңірде бірқатар маңызды бастама қолға алынып, тіл тұғырын төрге оздырған ауқымды шаралар атқарылуда. Соның бірі – «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау. Дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан шара биыл да жаңа рәуіште көрініс тауып, Қонаев қалалық кітапханасында өз шымылдығын түрді.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқау мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің тәжірибесін насихаттап, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызын арттыруға бағытталды. Бүгінде қазақ тілі – Қазақстанды мекендейтін түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, қоғамдық келісім мен татулықтың алтын арқауына айналды. Сондықтан мұндай байқаулар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, оны құрметтеудің жарқын үлгісін қалыптастырады. Байқау қазақ тілін өзге этнос өкілдерінің жүрек қалауымен меңгеріп, оны өмірде кеңінен қолданып жүрген азаматтарды көпшілікке үлгі етуімен ерекшеленді. Мемлекеттік тілдің тек ресми қатынас құралы ғана емес, ел бірлігін бекемдейтін, рухани тұтастықты нығайтатын құндылық екені нақтыланды.
Аталмыш шараға аудан-қалалардан мемлекеттік тілді еркін меңгерген 9 үміткер қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін екі кезең бойынша сынға салды. Алғашқы кезең «Үздік цифрлы контент» деп аталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі – қатысушылар жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік тілді дәріптейтін сапалы әрі мазмұнды аудиовизуалды жұмыстар әзірледі. Дайын өнімдер әлеуметтік желілерде #memlekettiktil хештегі арқылы жарияланып, қазақ тілін заманауи цифрлық кеңістікте насихаттаудың тың үлгісін көрсетті. Бұл кезең дәстүрлі тіл саясатын жаңа технологиялармен сабақтастырып, жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталды. Қазіргі таңда цифрландыру дәуірінде мемлекеттік тілді жаңа форматта дамыту – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы әзірленген цифрлы жобалар байқаудың мазмұнын байытып, қазақ тілін ақпараттық кеңістікте насихаттаудың жаңа бағытын айқындады. Ал екінші кезең «Қазақ тілін үйренудегі тиімді әдістер» тақырыбында бастау алды. Қатысушылар қазақ тілін меңгертудің өз тәжірибелеріне негізделген тиімді тәсілдерін ортаға салып, күнделікті өмірде және кәсіби қызметте мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге арналған жобаларын таныстырды. Әрбір үміткердің баяндамасы тілге деген құрмет пен жауапкершіліктің, ізденіс пен еңбектің нақты көрінісін аңғартты.
Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды мазмұнының өзектілігі, шығармашылық ерекшелігі, тақырыптың ашылуы, практикалық маңыздылығы және таныстырылу деңгейі бойынша бағалады. Байқау барысында қатысушылардың қазақ тілін еркін меңгеруімен қатар, оны насихаттаудағы белсенділігі мен қоғамдық бастамалары да назардан тыс қалған жоқ. Нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Талғар ауданының өкілі Байрам Турсунов жүлделі І орынды иеленді. Ал талабымен төрге озып, талантымен танылған Еңбекшіқазақ ауданының өкілі Гузелнур Туйгунова II орынды еншілесе, Іле ауданының намысын қорғаған Арзайым Рзаева ІІІ орынды қанжығасына байлады. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге үміткерлер де мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі, қоғамдық белсенділігі үшін ынталандыру сыйлықтарына ие болды. «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауы мемлекеттік тілдің қоғамдық беделін арттырумен қатар, қазақ тілін меңгерген этнос өкілдерінің тәжірибесін кеңінен танытуға, олардың еңбегін бағалауға және тіл мәдениетін дамытуға ықпал ететін маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуға бағытталған бұл игі бастама келесі жылы да жалғасын тауып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы

