Әлемге әйгілі «Формула-1 H2O» сайысын алдағы 5 жылда Қапшағай су қоймасында өткізу жоспарлануда. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сайысты ұйымдастырушы – халықаралық «F1H2O» ұйымы, «iHolding» компаниясы және Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдерімен кездесті. Онда 2027 жылы әлем чемпионатын Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан – бұл әлем чемпионатын қабылдайтын алтыншы мемлекет. Жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді деп күтілуде. Жергілікті тұрғындар мен туристерді қосқанда олардың саны тіптен артады. Сондай-ақ 1 миллиардқа жуық көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалайды.
– Сауд Арабиясы спорт саласында әлемдегі ең үздік жобаларды іске асырып келеді. Бұл белсенді демалысты дамытып, салауатты өмір салтын сақтауға септігін тигізеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында «Tengri ultra» марафоны мен «Oceanman» ашық суда жүзу жарысы өткізіледі. Одан бөлек республикалық деңгейдегі түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Оқиғалы туризм – өңір дамуының басым бағыттарының бірі. Сондықтан біз бұл жобаны бірлесіп іске асыруға дайынбыз, – Марат Елеусізұлы.
«KSA ProMediaPortal» және «F1H2O» ұйымдарының өкілі әрі басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями қазіргі таңда чемпионатқа 11 мемлекет қатысатынын айтты. Бұл жоғары дайындықты талап ететін күрделі жарыс болғандықтан, дүниежүзілік додада арнайы дайындықтан өткен командалар ғана бақ сынай алады. Чемпионат барысында көрерменнің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. VIP-аймақтар, жарысты басқару орталығы, командалардың дайындығына арналған аумақ және медиа орталық қарастырылады. Сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған орындар да құрылады. Онда еліміздің мәдениеті таныстырылып, ұлттық тағамдар мен кәдесый ұсынылады. Спорт жарысынан бөлек түрлі мерекелік іс-шаралар жанкүйерлер көңілін көтереді. Жабылу салтанатында ауқымды гала-концерт өткізіліп, онда әлемге танымал жұлдыздар өнер көрсетеді.
– Бүгінде Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында берік ынтымақтастық орнаған. Біз Алматы облысының даму көрсеткіштерін зерттеп, оның болашағы зор екенін көрдік. Алдағы уақытта бұл аймақ халықаралық бизнес орталығына айналады деп сенеміз. Қазір жарыс Қырғызстандағы Ыстықкөлде өтіп жатыр. Оған алты елдің Президенті, екі жүзден астам министр және көптеген мәртебелі қонақтар қатысуда. Келесі жылдан бастап әлем чемпионаты Қазақстан аумағында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Мұндай жобаны ұйымдастыру ұзақ уақытты қажет етеді. Чемпионатты өткізуге 300-ден астам адамнан тұратын команда жұмылдырылады. Олар Қазақстанға жарысқа үш апта қалғанда келеді. Ал жағалау инфрақұрылымы, сахна мен қажетті нысандарды салатын мамандар екі ай бұрын жұмысқа кіріседі. Бұл спорт түрін Монако ханзадасы Альбер II қолдайды. Сонымен қатар Еуропаның көптеген корольдік әулеттері қызығушылық танытатындықтан, судағы «F1H2O» жарысы әлемдегі ең беделді спорт жарысы ретінде танымал, – деді басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями.
Демек, алдағы 5 жылда Алматы облысына әлемнің түкпір-түкпірінен спортсүйер жанкүйер ағылып, Қонаев туристер толассыз келетін орталыққа айналады. Чемпионат елімізді дүниежүзіне танытып, оның көркем табиғаты мен мүмкіндіктерін әлемге әйгілейді. Өңірге инвестиция тартуға, инфрақұрылымын жақсартуға және экономиканы ілгерілетуге де зор ықпал етеді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

