Әр адамның жеке меншігін қорғау – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Әрбір адамның адал еңбегімен жинаған дүние-мүлкінің сақталуы – құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі. Сондықтан бөтеннің мүлкіне қол сұғу тек заң бұзушылық қана емес, қоғамдағы өзара сенімге нұқсан келтіретін әрекет болып саналады.
Бүгінде құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің алдын алуға ерекше көңіл бөліп келеді. Дегенмен құқық бұзушылықтың азаюы тек полиция қызметіне ғана байланысты емес. Бұл ретте әр азаматтың сақтығы мен жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Себебі құқық бұзушылар көбіне тұрғындардың немқұрайлылығы мен қауіпсіздік талаптарын сақтамауын пайдаланады. Көп жағдайда ұрлық оқиғалары қарапайым сақтық ережелерінің сақталмауынан орын алады. Ашық қалған есік немесе терезе, құлыпталмаған көлік, қараусыз қалған сөмке мен бағалы заттар – құқық бұзушылар үшін оңай олжа. Сондықтан күнделікті өмірде қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау жағымсыз жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Технологияның дамуы мүлікті қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін де ұсынып отыр. Бейнебақылау жүйелері, дабыл қаққыш құрылғылар, домофондар, электронды құлыптар мен қауіпсіздік жүйелері көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етуде. Мұндай құралдар құқық бұзушылардың әрекетін дер кезінде анықтауға және келтірілуі мүмкін залалдың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда кез келген техникалық құрал адамның қырағылығы мен жауапкершілігін алмастыра алмайды.
Қоғамдағы өзара сенім мен ынтымақтастық та қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Көршілердің бір-біріне жанашырлық танытуы, аулада немесе тұрғын үй маңында орын алған күмәнді жағдайларға бейжай қарамауы көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді. Егер тұрғындар айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамай, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатса, құқық бұзушылардың әрекет етумүмкіндігі айтарлықтай азаяды. Қоғамдық орындарда да азаматтардың жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Сауда орындарында, демалыс саябақтарында, қоғамдық көлікте немесе адам көп жиналатын орындарда жеке заттарға мұқият болу, бағалы бұйымдарды көзден таса қалдырмау және бейтаныс адамдарға шектен тыс сенім артпау – әркімнің өз қауіпсіздігі үшін жасайтын қарапайым, бірақ маңызды қадамдары.
Балалардың да өзгенің мүлкіне құрметпен қарауын ерте жастан қалыптастыру қажет. Отбасында және білім беру ұйымдарында адалдық, еңбекқорлық, ұқыптылық сияқты құндылықтарды дәріптеу арқылы құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелеуге болады. Өзгенің еңбегін бағалайтын адам бөтеннің мүлкіне қол сұқпайды, ал бұл қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді.
Меншікті қорғау – заң талаптарын орындаумен қатар, күнделікті өмірдегі жауапкершілік пен сақтықтан басталады. Әрбір азамат өз қауіпсіздігіне мұқият қарап, айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамаса, құқық бұзушылықтың алдын алуға елеулі үлес қоса алады. Қоғамда заңға құрмет пен өзара жауапкершілік орныққан кезде ғана адамдар өз еңбегімен тапқан мүлкінің сақталуына сенімді болып, қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүре алады.

