Перейти к содержимому
Главная страница » Заңды сыйлаған елдің болашағы берік

Заңды сыйлаған елдің болашағы берік

 Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуінен басталады. Адамның өмірі мен денсаулығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау – құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі. Осы орайда қылмыстың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы күн өткен сайын артып келеді. Өйткені қауіпсіз қоғам – мемлекеттің ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен заңға деген құрметінің нәтижесі.

     Бүгінде құқық қорғау органдарының қызметі тек қылмысты ашумен ғана шектелмейді. Негізгі басымдықтың бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру. Себебі кез келген қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Бұл бағытта профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, халықпен ашық байланыс орнатуға ерекше назар аударылуда. Қылмыстың алдын алуда құқықтық мәдениеттің орны ерекше. Заңды құрметтейтін, өз әрекетінің салдарын түсінетін қоғамда құқық бұзушылықтың деңгейі де төмен болады. Сондықтан жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, олардың бойына жауапкершілік пен адалдық қағидаларын сіңіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында өткізілетін кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жастардың заң талаптарын білуіне ғана емес, оны өмірлік ұстанымына айналдыруына ықпал етеді.

     Қоғамда алаңдаушылық туғызатын мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Өкінішке қарай, мұндай құқық бұзушылықтың салдары бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның әлеуметтік ахуалына әсер етеді. Отбасындағы жанжал, күш көрсету, психологиялық қысым мен қорқыту көбіне үнсіз қалып, уақыт өте келе ауыр зардаптарға ұласуы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекеттерге немқұрайлы қарауға болмайды. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде күшейтіліп келеді. Заң талаптары жетілдіріліп, құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жауапкершілігі арта түсті. Басты мақсат – зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу, зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Бұл ретте қоғамның да рөлі айрықша. Көршінің үйіндегі айқайға немесе таныстың басындағы қиын жағдайға «бұл – отбасының ішкі мәселесі» деп қарау дұрыс емес. Егер адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрса, оған дер кезінде көмек көрсету – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Кей жағдайда уақытылы хабарланған ақпарат ауыр қылмыстың алдын алып, бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдырын сақтап қалуы мүмкін.

     Құқық бұзушылықтың алдын алуда полиция мен халық арасындағы өзара сенімнің маңызы зор. Азаматтар күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде хабарлап, заңсыз әрекеттерге бейжай қарамаған кезде ғана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары нәтижелі болады. Құқық қорғау органдары да тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қойып, ашықтық қағидатын ұстана отырып жұмыс істеуі қоғам сенімін нығайта түседі. Қауіпсіз орта қалыптастыру күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіпке жауапкершілікпен қарау, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлу, жанжалдың алдын алуға ұмтылу – мұның барлығы қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды құрамдас бөлігі. Әр адам өзінің әрекеті арқылы айналасына үлгі болып, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына үлес қоса алады. Заң үстемдігі орныққан қоғамда әділдік салтанат құрып, азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Ал сенім бар жерде тұрақтылық болады. Сондықтан қылмыстың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат заңды құрметтеп, өз құқығымен бірге өзгенің де құқығын сыйлай білсе, қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастыру жолындағы мақсатымызға бірге қол жеткіземіз.

Құралбек Сәбитұлы